Әлем бойынша жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары жасарып бара жатыр. Бұл адамдардың өмір салтымен тікелей байланысты. Кардиолог Мария Серова жүрек-қан тамырлар жүйесі ауруларының қаупін азайту үшін қандай әдеттерден арылу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Аif.ru"-ге сілтеме жасап.
Тамаққа тұзды көп қолдану
Қалыпты жағдайда тұзды тәулігіне 5 грамға дейін қолдану қажет. Ал жүрек-қан тамырлар ауруы бар болса, одан да аз жеу керек. Сондықтан ең болмағанда консервіленген өнімдер мен фастфудтан бас тартыңыз және дайын тамаққа тағы да тұз қосу әдетінен арылыңыз. Тұзды көп тұтыну гипертония, ал ол өз кезегінде жүрек аурулары мен инсульттің даму қаупін арттырады.
Ішімдікке салыну
ДДСҰ спиртті өнімді ішудің қауіпсіз мөлшері жоқ деп санайды. Бірақ ең болмағанда оның мөлшерін шектеуге тырысыңыз және оны күнде ішуге болмайды.
Темекі тарту
Бұл негізгі қауіпті фактордың бірі. Темекідегі никотин қан тамырларды тарылтып, артериялық қысымның артуына әкеледі. Сондай-ақ темекіден жүрек жиі соға бастайды, оған түсетін күш артады, сәйкесінше, орган жылдамырақ шаршайды.
Аз қозғалу
Физикалық белсенділіктің жетіспеуі қауіпті проблемаларға әкеледі. Ағзада "жаман" холестерин жиналады, ал ол артерияларда түйіншектердің түзілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар аз қозғалу артық салмаққа әкеледі. Ал артық салмақ жүрекке қосымша күш түсіреді.
Ұйқының жетіспеуі
Көпшілік адам ұйқысыздықпен қиналады. Ұйқының жетіспеуі күйзеліс гормоны - кортизол деңгейін арттырады. Ал ол артериялық қысымның артуына және жүрек соғысының жиілеуіне әкеледі. Мұның барлығы инфаркт пен инсульт қаупін арттырады.
Дұрыс емес тамақтану
Қанда глюкозаның көп болуы қан тамырлар мен жүйке ұштарын зақымдайды. Бұл жүрек проблемаларына әкеледі. Сондықтан атеросклерозға әкелетін тәттіні, кез келген қарапайым көмірсуларды, трансмайлары көп өнімдерді азайтыңыз.
Созылмалы күйзеліс
Үнемі бірдеңені уайымдау және жалғыздық күйзеліс гормондарын арттырады. Соның салдарынан жүрек жиі соғады және артериялық қысым артады. Мұның барлығы жүрекке қосымша күш түсіріп, атеросклероз бен жүрек ауруларының даму қаупін арттырады.
Оқи отырыңыз: Күніне 10 мың қадам жүретін болсаң ағзада қандай өзгеріс болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!