Каратэ бойынша танымал спортшының өлімі: Жоғарғы сот мұрагерлік ісін қарады

Каратэ бойынша танымал спортшының өлімі: Жоғарғы сот мұрагерлік ісін қарады
Фото: pixabay.com

Жоғарғы сот 2020 жылдың соңында қаза тапқан Қазақстанның каратэ бойынша танымал спортшының мұрагерлік ісін қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2 айдан кейін мұрагер - жесір әйел Әділет министрлігінің сараптама ұйымына спортшы мен жаттықтырушының атында өнімнің 6 түрі бойынша тауар белгісін тіркеуге өтініш жолдаған (баспа, фарфордан жасалған мүсіншелер, керамика және шыны, шыныаяқ, киім мен аяқкиім, маркетинг, көрмелер ұйымдастыру және т.б.). 9 айдан кейін тауар белгісі оған тіркелді.

Марқұм спортшының әкесі тауар таңбасын тіркеумен келіспегендіктен, Әділет министрлігінің апелляциялық кеңесіне аталған шешімге қатысты шағым түсірген. Алайда одан бас тартты.

Мұра қалдырушының ата-анасы мен балаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында спортшының әкесі сотқа талап қоюмен жүгінген. Астананың МАӘС-ы және апелляция талап қоюды қанағаттандырды.

Министрлік аталған сот актілеріне кассациялық тәртіпте шағым түсірді. Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, төменгі сатыдағы соттардың қорытындыларының негізділігін көрсетті.

Даулы тауар белгісін тіркеген және апелляциялық кеңес қарсылықтарды қараған кезде тікелей туыстығына байланысты өздерінің атақты атауын пайдалану құқығынан айырылған мұрагерлердің (мұра қалдырушының ата-аналары мен балаларының) құқықтары мен заңды мүдделері ескерілмеген. Бұл - адалдық, парасаттылық, әділдік пен адамгершілік қағидаларын бұзады, өйткені мұндай әрекеттің салдары әкімшілік процеске қатысушылар мүдделерінің теңгерімінің әділетсіз бөлінуіне әкеп соққан.

Осы дәлелдерді ескере отырып, министрліктің шағымы негізсіз деп танылып, аталған іс бойынша сот актілері күшінде қалдырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина