Қазақстанда өнеркәсіптік мақсатта қарасора өндіруді заңдастыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов "бұл нашақорлыққа әкеп соғатын сорттар өсірілуіне алып келмей ме?" деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеунік Қазақстанда тетрагидроканнабинол (ТГК) мөлшері төмен қарасора сорттары ғана өсірілуі үшін қатаң бақыланатынын айтты.
"Бұл сорттар есірткіге жатпауға тиіс. Бұл – техникалық қарасора, оның құрамындағы ТГК өте төмен немесе мүлде жоқ. Екіншіден, өндіру барысында сот сараптамасы тарапынан зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Демек өсірілген өнім бақылауда болады. Үшіншіден, өңдеуге түскенде де зертханалық тексерістер жүргізіледі. Сондықтан есірткіге жататын бір грамм қарасора да өндіріске түспейді", – деді Сұлтанов Үкіметтегі брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, бұл үдерісті ІІМ өкілдері бақылайды. Егер тексеріс барысында құрамында ТГК жоғары қарасора табылса, ол дереу жойылады.
"Көп деңгейлі бақылау жүргізіледі, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Аумағы қоршалады, күзет қойылады, бөтен адамдар кіргізілмейді. Бүкіл әлемде қарасораны өңдеу кең таралған, одан жасалған қағаз сарғаймайды", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда өнеркәсіптік мақсатта қарасора өндіруге рұқсат етілетіні хабарланған еді. Тиісті заң жобасын Мәжіліс сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті кәсіпкерлерге төрт лицензия беріп үлгерген. ІІМ қарасорадан қорқудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді: ТГК мөлшері төмен қарасора марихуанадан өзгеше.
Қарасора мен марихуананың айырмашылығы
Қарасора (немесе техникалық қарасора) - құрамында ТГК (0,3 пайыздан аз) өте төмен өсімдік. Ол есірткі секілді әсер бермейді және өнеркәсіптік мақсатта, яғни мата, қағаз, май, құрылыс материалдарын өндіру үшін қолданылады.
Марихуана - ТГК мөлшері жоғары (әдетте 5–20 пайыз) қарасораның бір түрі, ол есірткі әсеріне ие. Ол медициналық немесе рекреациялық мақсатта, заңмен рұқсат етілген жерлерде қолданылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова