Қарашада бірқатар маңызды жаңалық пен қызық оқиғалар болады. Мәслихат депутаттарын сайлау өтіп, "Ұмай" әйелдер ипотекасының екінші кезеңі басталады. Сондай-ақ, аспаннан ерекше астрономиялық құбылыстарды байқауға мүмкіндік туады, көптен күткен фильмдер жарыққа шығады. Елде QazETA жүйесі енгізіле бастайды, Астанада жаңа жолдар ашылады. Ал Алматы мен Токио арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылады. Massaget.kz тілшісі қарашадағы өзгерістерге шолу жасады.
Мәслихатты сайлау өтеді
29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауы өтеді. Елдегі 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайланады. Оның ішінде облыстық мәслихаттарға 668, қалалық мәслихаттарға 626, ал аудандық мәслихаттарға 2 153 депутат сайлау жоспарланған.
Депутаттар тікелей дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихатты сайлау мерзімінен бұрын өтетінін хабарлаған еді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім мәслихаттарға білікті әрі кәсіби мамандардың келуіне жол ашып, олардың жұмысына жаңа серпін береді.
Мәслихат сайлауы. Фото © Tengrinews.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа 12 қазанда қол қойды.
"Ұмай" әйелдер ипотекасының екінші кезеңі басталады
3 қарашадан бастап Қазақстанда "Ұмай" әйелдер ипотекасының екінші кезеңі басталады. Әйелдер баспана сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін Отбасы банкінің бөлімшелерінде немесе онлайн өтініш бере алады.
Фото: depositphotos.com
Бағдарламаның талаптары туралы толығырақ мына материалдан білуге болады.
Азаматтар мен кәсіпкерлер салық есептілігін тапсыруы керек
Қарашада азаматтар мен кәсіпкерлер салық есептілігін тапсырып, міндетті төлемдерді уақытында төлеуі қажет. Декларацияларды тапсырудың негізгі мерзімі – 16 қарашаға дейін, ал салық төлеу мерзімдері – 20 және 25 қараша.
Фото: depositphotos.com
Сонымен қатар, 5 қарашаға дейін жеке практикамен айналысатын азаматтар қазан айындағы табысынан жеке табыс салығын төлеуге тиіс.
Салық органдары өсімпұл есептеліп, техникалық қиындықтар туындамас үшін төлемдерді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.
Салық берешегі бар компаниялар басшысы мен заңды мекенжайын өзгерте алмайды
1 қарашадан бастап салық берешегі 45 АЕК-тен (2026 жылы 194 625 теңге) асатын және қарызын төрт ай бойы өтемеген компанияларға басшысын немесе заңды мекенжайын өзгертуге тыйым салынады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Фото: depositphotos.com
Шектеу кедендік төлемдер, баждар, пайыздар мен өсімпұлдар бойынша берешегі бар компанияларға да қатысты. Мұндай жағдайда тіркеуші орган басшыны немесе заңды мекенжайды өзгерту туралы өтінішті орындамайды.
Жаңа талап қарызы бар компанияларды басқа адамдардың атына рәсімдеп немесе тіркелген өңірін өзгертіп, салық төлеуден жалтарудың жолын кесу үшін енгізілді.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық тексерулерді тағайындау тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Ведомство автоматтандырылған жүйеден тыс анықталған заңбұзушылықтарды да тексеру жүргізуге негіз болатын жағдайлар қатарына қосуды ұсынды.
Дегенмен тексерілетін салық төлеушілер бұрынғыдай тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы іріктеледі.
Астанада бірнеше жаңа жол ашылады
Қарашада Астананың бірнеше көшесінде көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 10 қарашаға дейін Жангелдин көшесінің Қ. Күмісбеков көшесінен Ш. Бейсекова көшесіне дейінгі аралығын толық ашу көзделген.
Жаңа жол №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және "Білім-Инновация" лицей-интернатына қатынауды да жеңілдетеді.
Астанадағы жол жөндеу және құрылыс жұмыстары. Фото: instagram.com/jenis_qasymbek
Сонымен қатар қарашаның соңына дейін Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде жолдың бір жағын ашу жоспарланып отыр.
Бұл жол пайдалануға берілген соң Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, елорданың сол жағалауында салынып жатқан жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлерге баратын жолдар және қажетті инженерлік желілер тартылады.
Жыл аяғына дейін Абайдың 150 жылдығы көшесінің Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі бөлігінде де көлік қозғалысын ашу көзделген.
Онымен қатар Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салынып жатыр. Жолайрық іске қосылғаннан кейін маңайдағы көшелердегі көлік қозғалысы жеңілдеп, Көктал, Агрогородок тұрғын алаптары мен Астананың өзге аудандары арасындағы қатынас жақсарады деп күтіледі.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2026 жылы қаладағы 50-ге жуық нысанда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл аяғына дейін тағы 15 шақырым жол салынып, көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.
Шетелдіктерге Қазақстанға кіру үшін электрон рұқсат беріле бастайды
1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз келетін шетел азаматтары үшін QazETA электрон рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Алғашқы кезеңде электрон рұқсат Ақтау әуежайында, сондай-ақ, Павлодар облысындағы "Үрлітөбе", Жамбыл облысындағы "Аухатты", Түркістан облысындағы "Атамекен" және Жетісу облысындағы "Нұрлы жол" автомобиль өткізу бекеттерінде тексеріледі.
Әзірге электрон рұқсаты жоқ шетелдіктерге Қазақстанға кіруге тыйым салынбайды.
Өткізу пункті. Фото: gov.kz
Кейін бұл жүйе Астана мен Алматы әуежайларында, одан соң басқа да шекара бекеттерінде қолданыла бастайды.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап QazETA рұқсатын алу міндетті болады. Осы күннен кейін рұқсаты жоқ шетел азаматтары Қазақстанға кіре алмауы мүмкін.
QazETA рұқсатын сапарға кемінде 72 сағат қалғанда интернет арқылы рәсімдеу қажет. Ол тегін беріледі.
16 жасқа толмаған балалар, 65 жастан асқан адамдар, Қазақстанның визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер. Сондай-ақ, кейбір басқа санаттағы азаматтар бұл талаптан босатылады.
QazETA визаның орнына жүрмейді және шетелдіктердің Қазақстанда қанша уақыт болуына рұқсат етілгенін өзгертпейді.
Жаңа ережелер аясында көші-қон бақылауы жетілдіріліп, шетел азаматтарын электрон тіркеу жүйесі де жаңартылады.
Мемлекеттік қызметкерлерге берілген сыйлықтарды өткізу тәртібі өзгереді
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне ресми іс-шараларда берілген сыйлықтарды мемлекетке өткізу тәртібі өзгереді.
Фото: depositphotos.com
Енді мұндай сыйлықтарды мемлекеттік ұйымдарға тегін беруге болады. Оларды мемлекеттік қызметкер жұмыс істейтін мекеме немесе оның қызметін қамтамасыз ететін ұйым қабылдай алады.
Ал егер сыйлық ешбір мемлекеттік ұйымға қажет болмаса, оны мемлекеттік қызметкер бағаланған құны бойынша сатып ала алады.
Қызметкер сыйлықты сатып алудан бас тартса, ол сатылымға шығарылады.
Қазақстан мұнай өндіру көлемін өзгертпейді
1 қарашада Қазақстан, Сауд Арабиясы және Ресей бастаған ОПЕК+ құрамындағы жеті елдің өкілдері бас қосады.
Бұған дейін тараптар қарашада мұнай өндіру көлемін 2026 жылдың қыркүйегіне белгіленген деңгейде қалдыруға келіскен болатын.
ОПЕК+ елдеріндегі мұнай өндіру деңгейі
Осы келісімге сәйкес, Қазақстан қарашада тәулігіне 1 миллион 628 мың баррель мұнай өндіре алады.
Бұл шешім әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін қабылданған.
Қарашада қанша күн демаламыз?
2026 жылғы қарашада Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық мерекелер жоқ. Сондықтан тұрғындар әдеттегі жұмыс және демалыс кестесі бойынша демалады.
Иллюстрация: Tengrinews.kz/Серікболсын Әлібеков
Қарашада барлығы 30 күн бар. Оның ішінде:
- Бес күн жұмыс істейтіндер үшін 20 жұмыс күні және 9 демалыс күні қарастырылған. Демалыс күндері – 1, 7–8, 14–15, 21–22 және 28–29 қараша.
- Алты күн жұмыс істейтіндер үшін 25 жұмыс күні және 5 демалыс күні болады..
Қазақстандықтар төрт ғаламшарды қатар көріп, жұлдыз жаууын тамашалай алады
Қарашада аспан әлеміне қызығатын қазақстандықтарды бірнеше ерекше құбылыс күтіп тұр. Соның бірі – Меркурий, Шолпан, Марс және Юпитердің таңғы аспанда қатар көрінуі.
Бұл құбылысты 14 қарашада, күн шығар алдында бақылауға болады. Аспан ашық болса, ғаламшарларды жай көзбен де көру мүмкіндігі бар.
Планеталар шеруі. Жасанды интеллект көмегімен жасалған сурет
Ал 4 қарашадан 5 қарашаға қараған түні Оңтүстік Тауридтер метеор ағыны күшейеді. 11–12 қарашада Солтүстік Тауридтерді, ал 17–18 қарашада Леонидтер жұлдыз жаууын тамашалауға болады.
Ауа райы қолайлы болса, бір сағатта 15-ке дейін метеорды көру мүмкіндігі туады.
Тағы бір ерекше құбылыс 24 қарашада болады. Бұл күні қазақстандықтар супер Айды тамашалай алады. Яғни толған Ай әдеттегіден сәл үлкенірек әрі жарығырақ болып көрінеді.
Қарашада ауа райы қандай болады?
Синоптиктердің болжамынша, қарашада Қазақстанда күн әдеттегіден жылырақ болады. Алайда бұл ай бойы жылы ауа райы сақталады деген сөз емес.
Фото: depositphotos.com
Қарашада жаңбыр жауып, қарға ұласуы мүмкін. Кей өңірлерде боран соғып, ауа температурасы күрт өзгереді.
Әсіресе солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда кей күндері түнгі аяз 18 градусқа дейін күшеюі ықтимал.
GTA VI ойыны жарыққа шығады
Қарашада Grand Theft Auto ойынының жанкүйерлері көптен күткен алтыншы бөлімін ойнай алады.
Бұған дейін Rockstar Games студиясы PlayStation 5 құрылғысында түсірілген бір жарым минуттық жаңа бейнетрейлерді таныстырып, ойын 2026 жылғы 19 қарашада шығатынын растаған еді.
GTA 6 трейлерінен кадр
GTA VI ойынындағы негізгі оқиғалар жаңартылған Вайс-Сити қаласында өрбиді.
Ойыншыларға еркін аралап, түрлі тапсырма орындауға болатын үлкен әлем ұсынылады. Сондай-ақ, ойында әлеуметтік желілер, стримерлер мен қазіргі қоғамдағы түрлі құбылыстар әзіл-сықақ арқылы көрсетіледі.
Алғашында GTA VI PlayStation 5 және Xbox Series X/S құрылғыларында қолжетімді болады.
БАҚ мәліметінше, ойынның онлайн нұсқасы кейінірек бөлек шығарылуы мүмкін.
Алматы мен Токио арасында тікелей әуе қатынасы ашылады
Қарашаның аяғынан бастап қазақстандықтар Жапонияға ұшақ ауыстырмай-ақ бара алады.
Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Токио арасында тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ұшулар жапониялық Japan Airlines компаниясымен бірлесіп, кодшеринг келісімі аясында жүзеге асырылады.
Токио. Фото: depositphotos.com
Алғашқы рейс 30 қарашада Алматыдан ұшады. Ал Токиодан кері бағыттағы алғашқы рейс 2026 жылғы 1 желтоқсанға жоспарланған.
Airbus A321LR ұшақтары аптасына екі рет Токионың Нарита әуежайына қатынайды.
Алматыдан Токиоға ұшу 7 сағат 30 минутқа, ал кері бағытта 9 сағат 25 минутқа созылады.
Эконом-класпен барып-қайту билетінің бағасы шамамен 350 552 теңгеден, ал бизнес-класқа билет 1,4 миллион теңгеден басталады.
Еске салайық, Қазақстан азаматтарына Жапонияға бару үшін виза қажет. Ал Жапония азаматтары Қазақстанға визасыз келіп, 30 күнге дейін бола алады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz