- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарашада күн райы...
Қарашада күн райы қандай болады?
"Қазгидромет" РМК синоптиктері қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Синоптиктер болжамынша, бірінші онкүндік басында Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында, ал 3 қарашадан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде, онкүндіктің соңында республиканың солтүстік-батыс жартысында атмосфералық фронттар әсерінен тұман, көктайғақ, жел екпінінің күшеюі (солтүстік жартысында қарлы боран) жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі.
3-4 қарашада республиканың басым бөлігі Қара теңіз өңірлерінен ығысқан ауқымды суық антициклон ықпалында болады, ауа температурасы төмендеп (батыс өңірлерді қоспағанда), аяз болады деп болжанады:
• Қазақстанның батысында түнде 0, +8 градустан -5 +2 градусқа дейін, күндіз +10 +18 градустан 0, +10 градусқа дейін;
• Республиканың солтүстік-батыс жартысында, орталығында және шығысында түнде -5 +5 градустан -5 -15 градусқа дейін, шеткі шығыста -20 градусқа дейін, күндіз +2 +8 градустан -3 -10 градусқа дейін;
• республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнде -3 +5 градустан -1 -13 градусқа дейін, күндіз +10 +16 градустан -5 +3 градусқа дейін.
Бірақ ай ортасынан бастап температура фоны біртіндеп жоғарылайды деп күтіледі.
"Екінші онкүндіктің бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы солтүстік-батыс циклон әсеріне қарай анықталады, сондықтан тұрақсыз ауа райы күтіледі: жауын-шашын болады (негізінен, қар түрінде), екпінді жел соғып, бұрқасын болады. Одан кейін суық ауа массаларына байланысты екінші онкүндіктің аяғында, үшінші онкүндіктің басында және аяғында температуралық фон төмендейді деп күтіледі", - делінген "Қазгидромет" РМК хабарламасында.
Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында суық күндері термометр бағаны түнде -17 -25 градусқа дейін, күндіз -8 -13 градусқа дейін, ал батыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста төмендейді. Республика бойынша, ауа температурасы - түнде -5 -17 градусқа дейін, күндіз -2 -7 градусқа дейін төмендейді.
Күндіз еліміздің солтүстік жартысында аяз басылып, ауа температурасы оң мәндер шегінде болады, оңтүстік жартысында ауа +3+12 градусқа дейін жылынады.
Н. Үсенова