- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарасай ауданының мектептері...
Қарасай ауданының мектептері министрлікке неге бағынбайды?
Мектептегі оқушылардың формасына қойылатын талап ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сай бекітілген. Аталмыш заңда әр мектеп өз бетінше мектеп формасы үлгісін қалыптастыра алмайтыны, сондай-ақ оқушылардың мектеп формасына қойылатын талаптар да нақты көрсетілген. Алайда бүгінде білім ордаларының көпшілігі арнайы мектеп формасын қалыптастырып алған. Сол себепті ата-аналар баршаға ортақ министрліктің талабымен емес, арнайы сауда үйлерінен, тігін цехтарынан барып баласын мектеп талабына сай киіндіруге мәжбүр. Мәселен, Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы №2 орта мектеп 2017 жылдан бері сұр түсті мектеп формасын мақұлдаған. Содан бері ата-аналар Абай мектебінің формасын іздеп, сауда үйінен сатып алуға көшкен. Ал аталған форманы сататындар арнайы келісім бойынша жұмыс істейтіндерін айтты. Сонда бұл министрліктің талабына бағынбай әр мектептің өз бетінше мектеп формасын қалыптастырып, оны бизнеске айналдыруы ма?! Тақырыпты Massaget.kz тілшісі зертеп көрді.
Қаскелең қаласындағы "Алатау" сауда үйіне кіріп, Абай ауылы мектебінің формасын сұрасаң болды барлығы екінші қабатты нұсқайды. Ата-аналар арнайы іздеп келген сауда орнына біз де бардық. Аптаның алғашқы күні болса да келушілердің қарасы қалың. Сұр түсті форманың бағасы базардағы бағадан әлдеқайда қымбат екенін байқадық. Мұны ата-аналар да мойындап отыр.
"Мектеп формасын осы жерден келіп аламыз. Балам биыл 5-сыныпқа барады. Бұл жердегі баға базардан қымбаттау. Бірақ басқа жерде сұр түсті біздің мектептің формасы сатылмайды ғой. Амал жоқ аламыз. Бірақ балаңды қатарынан қалдырғың келмейді. Барлығымен бірдей болып жүргені жақсы ғой", - дейді Сайхын.
Иә, ата-ана қатарынан қалмасын деп баласы үшін бәрін жасайды. Бірақ дүкен иелері мен мектеп басшылығы бұл жанашырлықты бизнестің көзіне айналдырып алған жоқ па? Сауалды дүкен сатушыларына қойып көрдік. Олардың сөзінше, арнайы ммектептермен келісім бойынша тауарды Түркиядан тасымалдайтын көрінеді. Ал ол келісімнің кіммен, қалай жасалатыны жайлы жақ ашпады. Одан әрі сауалымызды да жақтырмады.
Ал бұл аталғаннан дүкендегі қазіргі бағалар. Бұл жердегі кейбір киімдер базардағы бағадан 2 есе қымбат екенін аңғаруға болады. Мында көрсетілген бағадан бөлек "түріктікі" деп қыздар кофталарына жоғары баға қойған. Мәселен базарда қыздар юбкасы 5000 теңге болса, мұнда 9000 екен.
Ал білім ордасының басшылығы ата-аналарға сұр түсті мектеп формасын алуды міндеттемедік дейді. Мектеп 2017 жылдан бері ата-аналардың мақұлдауымен сұр түске көшкен. Алайда карантиннен кейін әркім өзінің шамасы жеткен форманы алатынын айтты.
"Біз ешбір ата-анаға сұр түсті форма алыңдар деп міндеттемейміз. Сынып жетекшілердің барлығына осындай тапсырма берілді. Әр ата-ана шамасы жеткен жерден алады. Бірі қара киеді, енді бірі сұр киеді. Қаскелеңде бірнеше мектептер сұр түсті форма киеді. Карантиннен кейін біз әркімнің қалаған киімін ала бастады. Ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы классикалық үлгіде болса жеткілікті. Сатушылармен ешқандай келісімге келген жоқпыз", - деді Абай ауылындағы №2 орта мектебінің директоры Батима Нысанбаева.
Алайда аулада кездескен ата аналардың бірі "Юбканы 9000, ұзын жеңді кофтаны 13000, қысқа жеңдісін 12000 алдық. Сонда бір қызыма 35000 ға шықты. Қанша жерден қинамаймыз десе де, сыныпта ала құла болып отырмай біркелкі алыңдар деп айналып кеп осы киімді нұсқайды" деді.
1 қыркүйек күні де аталмыш мектептің барлық оқушыларының 99 пайыз сұр түсті мектептің арнайы бекітілген формасын киіп барғанын көрдік. Тіпті арнайы тігілген сұр түсті жакеттердің омырауына мектептің аты тігіліпті. Ал білім басқармасындағылар әр мектеп өз бетінше мектеп формасы үлгісін қалыптастыра алмайтындығын айтты. Мектеп формасы қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, оқушылардың ата-аналары немесе қамқоршыларымен келісіліп таңдалады. Ал жекелеген білім ордаларында мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін, яғни өз мектептерінің логотиптерін таға алады. Форманың түсіне қатысты нақты тыйым жоқ екен. Ал біз тілге тиек етіп отырған мектептер, мемлекеттік білім ордалары. Ендеше олар министрлік шешімін құлаққа ілмей ме?!
"Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады", - деді ведмство өкілдері.
Сондай-ақ хабарламада бүгінгі күнге дейін өз бетінше мектеп формасын бекіткен мектептер жоқ екені айтылды. Десек те арнайы киімнің тігіліп жатқанын, оның базар бағасынан қымбат екенін, жаппай оқушылардың сол өз беттерінше бекіткен мектеп формасымен жүргенін көзіміз көріп отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов