Қарапайым мұғалім әнші Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды

Қарапайым мұғалім әнші Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды
Фото: Коллаж: depositphotos.com, Абай облысы Білім басқармасы

Абай облысының биология пәнінің мұғалімі шетелдік танымал әнші Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерқанат Садуханов - Абай облысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ беретін мұғалім. Ол музыка әлемінде @eraholic лақап атымен танымал. Жас мұғалім өз парақшасында Ники Минаждың "Pink Friday 2" делюкс-альбомына саунд-продюсер болатынын ресми түрде жариялады.

Бұған дейін Ерқанат Садуханов Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген. Енді ол Ники Минаждың тыңдармандарына ерекше жаңалық дайындағанын жеткізді. 

Туынды 2024 жылғы 13 желтоқсан шығады деп жоспарланған. Альбомның кеңейтілген нұсқасы 2023 жылғы түпнұсқаның бір жылдық мерейтойына арналып отыр және тыңдармандарға жаңа әндер ұсынылған. 

Жас мұғалім Ерқанат Садуханов ұстаздық қызметімен қатар сүйікті ісін бірге алып жүріп, халықаралық жобаларда шығармашылық қабілетімен танылып жүр.

Ники Минаж - әлемдегі ең табысты рэп-орындаушылардың бірі. Ол көптеген марапат иегері, оның ішінде ASCAP сыйлығын "ең үздік хип-хоп орындаушысы" ретінде алған, сондай-ақ жақында Эминемді басып, әлемдегі ең көп қаралымы бар рэп-орындаушы атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина