Танымал шымкенттік трансплантолог дәрігер Абылай Донбай Шымкенттегі қалалық ауруханадағы былық туралы айтып берді. Ол енді трансплантация жасамайтынын, жұмыстан шығып кеткенін мәлімдеді. Massaget.kz тілшісі дәрігердің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтады.
Абылай Донбай бұл жайлы Facebook-парақшасында жазған болатын.
"Мен енді трансплантация жасамаймын деп шештім. Кезегін күтіп жүрген трансплантация жасатамын деген қарапайым қазақтың адамдарынан обал болды. Кешеден бастап мен бұл Қалалық ауруханада жұмыс жасамаймын. Кезекте тұрған науқастарға айттым. Шетелге кетіп қалған дәрігерлерді енді түсіндім. Біздің медицинамыздың неге дамымайтынын да түсіндім", - дейді дәрігер.
Дәрігер Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасының басшылығын кінәлап отыр.
"Менің ойымша, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақылбеков (басқарма басшысы Нұрлыбек Ақылбеков-еск) пен Дүйсенбаеваны (басқарма басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева-еск.) жұмыстан шығармайынша Шымкент қаласындағы медицина дамымайды. Олардың көздегені тек қана кадрлы бизнес болды. Мені ауруханадан жұмыстан шығарып жіберді. Менің жұмысымды өздері тоқтатты. Енді менің ол ауруханаға кіруге құқығым жоқ. Хирургиялық бөлімде ешқандай анықтамам жоқ енді, трансплантацияны қалай жасаймын?", - дейді Абылай Донбай.
Дәрігердің сөзінше, трансплантация жасауға бірнеше адам кезекте тұр. Ал дәрігердің өзін басқармадағылар аурухананың қарызын сылтауратып, оның орнына басқа маманды алу үшін жұмыстан шығарып жіберген екен.
"Қазір төрт науқас бүйрекке, бір науқас бауыр ауыстыруға жатыр. Оларға бір аптаның ішінде операция жасап береді деп өтірік алдапты. Ал бір аптаның ішінде біреу келіп, трансплантация жасап беруі өте қиын. Денсаулық сақтау басқармасы ол нәрсені дәл қазір шешіп бере алмайды. Трансплантацияға жатқызуға қарапайым халықтың жағдайы жетпейді. Трансплантация жасауға баратындардың жағдайы жақсы. Көп адамды квотамен жатқызу керек. Кейбір анализдер аурухананың есебінен кетеді. Бір адамға көмектесу мақсатында. Сондай билікпен жасалып отырған нәрсе ғой. Ал мені аурухананың қарызы бар деп өтірік алдап, шығарып жіберді. Ол тек ағымдағы қарыз, жылдың соңында бітетін қарыз. Соны сылтауратып мені шығарып жіберді. Қазір ешқайда жұмыс істеп жүрген жоқпын", - дейді трансплантолог.
Айта кетейік, бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдірген болатын. Министр Абылай Донбай жоғары деңгейлі маман екенін, ол секілді трансплантологтар барлық медициналық мекемеге қажет екенін атап өтті.
"Біз мұндай кадрларды қолдаймыз. Ол жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын", - дейді министр.
Сонымен қатар, Ажар Ғиният Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, бұл мәселе заң аясында шешілуі керегін талап еткен.
Massaget.kz тілшісі істің мән-жайын анықтау мақсатында Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінен пікір сұрады.
Айта кетейік, Абылай Донбай 13 жылдан бері медицина саласында жұмыс істеп келеді. Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болған. Хирургия бағытына инновациялық технологияларды ендіріп, трансплантология саласын дамытып жатыр. Ол өзі басқарған ауруханадағы білікті мамандармен бірге Абылай Әбдіжаппарұлы 2019 жылы бауыр трансплантациясы отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!