- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қарапайым жұмысшыға дейін...
"Қарапайым жұмысшыға дейін кінәлі". Екібастұз халқы әлі тоңып отыр
Былтыр 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанда аяқталды. Энергетика министрлігі өкілдері жылу құбырлары 70 пайызға тозғанын мәлімдеген еді. Қыс бойы мамандар оларды біртіндеп ауыстырып жатыр, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv.
Кейінгі апта аяғында ЖЭС құбырынан тағы ақау шығып, жылу беруде проблема туындаған еді. 70 адам күні бойы құбырды жөндеумен әлек болған. Одан бөлек, қыс бойы екібастұздықтардың біразы электр жылытқыш қосуға мәжбүр. Бұл - трансформаторларға да салмақ. Сондықтан жарыққа қатысты да проблема туындаған.
Жағдай күрделі екенін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр да мойындаған. Журналистердің сауалының астында қалған ол "кім кінәлі" деген басты сұраққа "бәрі кінәлі" деп жауап берген. Энергетика саласының кураторы ретінде өзінен бастап, Екібастұз жылу электр станциясының қарапайым жұмысшысына дейін қосқан. Ол акционердің де жауапкершілігі қарастырылатынын айтты.
Қазір шамамен, 26 көпқабатты үй жылуға жарымай отыр. Қала тұрғыны Жұмағали Қоғабайұлы ауладағы жылу торабына күніне үш рет келіп, өлшем жасайды. Ол қанша қазандық істеп тұрғанын станса мұржасынан шыққан түтін түсіне қарап білетінін айтады.
"30 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген, жаңартылмаған қазандықтар шұрық-шұрық тесік, оны жамап-жасқайды. Бір жерін бүтіндеп жатса екінші жері жарылады", - дейді ол.
Қаладағы нысандардың басым бөлігі суық. Ал кейбір тұрғындар пеш жағып жылытылатын үйлерге көшкен. Анара Қабыкенова жолдасы және үш баласымен ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Ол бос тұрған пәтердің коммуналдық шығынын өтеп жатқанына екі ай болғанын айтады. Оқушылар қашықтан оқып жүр.
"Қыс бітіп келе жатыр, бірақ өзгеріс жоқ. Жылынбайды. Мектептің іші суық. Жоғарыдағылар шеше алмайды. Неге ол шеше алмайтының білмеймін", - дейді мектеп күзетшісі Амантай Жолдасбаев.
Үй суық болғандықтан, тұрғындар жылытқыш қосып отыр. Бірақ бұл басқа проблема тудыруы ықтимал. Қазірдің өзінде шаһарда бірнеше трансформатор жанып кеткен.
"Ең басты жағдай бізде қаржы осы стансаның жұмысын реттеуге байланысты. Шамамен 2 миллиард қаржы жұмсаған болатынбыз. Жазда стансада 8 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіледі. Олар - 3 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығы", - дейді Орталық Азия Энергетикалық корпорациясының басқарма төрағасы Бағдат Орал.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова