Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті желіде COVID-19-ға байланысты тарап жатқан шектеулерді жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, карантин мен маска тағу режимі қайта басталмайды.
"Қазір жағдай тұрақты. Карантин енгізілген жағдайда жаңа қаулы шығарылып, халыққа ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді өтінеміз", - дейді дсэк.
СЭБК маманының айтуынша, қаңтардан бері 3 адам ғана Covid-19 жұқтырған.
Еске салайық, СЭБК мамандары бұған дейін де карантинге қатысты желіде тараған қауесетке қатысты пікір білдірген еді.
"Әлеуметтік желілерде 15 қыркүйектен бастап барлығына карантин шектеулері мен бетперде тағу режимі енгізіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Алайда биыл 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады.
"Бетперде тағу режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне ғана енгізіледі", - деп атап өтті комитет өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз!