Танымал әнші Қыдырәлі Болман жантебірентерлік оқиғасын бөлісіп, оқырмандарын елжіретті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол жұбайы Қарақат Әбілдинаның аяғы ауыр кезде қатты қиналғанын, өзінің де жарының жағдайына алаңдағанын бөлісіп, жазба жариялады.
"Осыдан 16 жыл бұрын Имашқа жүкті болған кезінде Қарақат қатты қиналды. "Токсикоз", тамақ ішпейді, су ішсе құсып тастайды. Профессордың қадағалауында болса да, Құдай қосқан жарымның айлап "системамен" қоректеніп жатқаны жаныма қатты батты. Құрсақтағы сәби не болып жатыр? Екеуі үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ болып, ойым онға бөлініп, жан қиналғанда Аллаға жалбарынып келе жатыр едім, телефон шыр ете қалды", - деп бастады әңгімесін.
Ол Республика сарайындағы концертін имамның өтінішімен ауыстырғанын және артынша Сауд Арабиясынан елшінің хабарласып, қайырымдылық концертіне шақырғанын айтты.
"Сауд Арабиясынан Елшіміз Қайрат Лама Шариф хабарласты. Саудияда ешқашан концерт болмаған. Ханшайының ұйымдастыруымен қайырымдылық концерті болайын деп, әр мемлекеттен өнер адамдарын шақырып жатыр едік. Елімізден Қарақат екеуіңізді таңдап алдық. Уақытына келісіп алдық та, шауып отырып Қарақатқа келдім. Осылай да осылай, Меккеге барып, Алладан тілейміз! Дәрігерлер үзілді-кесілді қарсы болса да, Аллаға жалбарынамын, кешіріңіз! Рияд қаласына ұшып келдік, кешке концертке қатыстық. Таң ата намаз оқып алып, қасиетті Меккеге тарттық. Келе сала жұрт жиналып жатқан намазға жүгіріп келіп, тұра-тұра қалдық. Қасиетті Қағбаның жанында қасиетті жұмаға дөп келіп тұр екенбіз. Сол күннен бастап Қарақат тамақ іше бастады. Құспайтын болды!" - деп жазды Қыдырәлі Болман.
Қыдырәлі Болман пен Қарақат Әбілдина - Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары әрі ерлі-зайыпты жұп. Қыдырәлі Болман - әнші, композитор, продюсер және "Ұлытау" этно-рок тобының негізін қалаушы.
Қарақат Әбілдина - дәстүрлі әндерді орындаушы, қазақтың ұлттық өнерін насихаттаушы. Ол өзінің ерекше дауысы мен орындаушылық шеберлігі арқылы халықтың сүйіспеншілігіне ие болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!