- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандының экс-әкімінің ұлы...
Қарағандының экс-әкімінің ұлы анасын аяусыз ұрған: үкім шықты
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айыпталушы Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Шаймерден Оразалиновтің ұлы – Әбіл Оразалинов.
Тағылған айып:
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен Әбіл Оразалинов 1946 жылы туған анасы К.-ға қасақана дене жарақатын салғаны, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені және кінәлі адам үшін дәрменсіз күйде болған тұлғаға қатысты қылмысты жасағаны үшін айып тағылды (ҚК 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы).
Сотпен анықталғаны:
Ер адам өз үйінде болғанда анасы К.-мен болған жанжал барысында жәбірленушінің басы мен денесіне қолымен және аяғымен ұрып, оның денсаулығына зиян келтірген. Салдарынан жабық бас-ми жарақатын алған: мидың шайқалуының өткір кезеңі, оң көз орбитасының бүйір қабырғасының сынуы, оң жақ бет сүйек доғасының сынуы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғаларының сынуы, гемосинус дамуы, беттің көгеруі; оң жақтағы кеуде қуысының жабық жарақаты, 3,4,5,6-шы қабырғаларының сынуы; бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы.
Оразалиновтің кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің (көршілердің) айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.
Тараптардың ұстанымдары:
Прокурор Әбіл Оразалиновқа 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және талап-арыздарды толық қанағаттандыруды сұрады. Сондай-ақ жәбірленуші тарап талап-арыздарды қанағаттандыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот неге және қандай жаза тағайындады?
ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің санкциясы үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. У.-ға қатысты сот оның жеке басын, кінәні жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын, кінәсін мойындамағанын және жасаған ісіне өкінбегенін, жақын адамына – өз анасына дене жарақатын салғанын ескерді.
Осыған байланысты, 2024 жылғы 23 қыркүйектегі сот үкімімен оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Талап-арыздар толық қанағаттандырылып, 1 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу сомасы, сондай-ақ адвокаттарға төленген шығындар өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина