Әлеуметтік желіде Қарағандының бұрынғы әкімдерінің бірінің ұлы туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа қатысты Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Patriotkaragandy парақшасындағы ақпарат бойынша, 78 жастағы әйелді 90-жылдары қаланы басқарған кеншілер астанасының бұрынғы әкімдерінің бірінің туған ұлы ұрған. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторында. Болған оқиғадан кейін жәбірленуші екі күн бойы медициналық көмекке жүгінбеген. Қарияның көршілері екі күннен соң дәрігерлер шақырды. Оның мұрны мен бірнеше қабырғалары сынған.
"Дәрігерлер ұрып-соққан әйелдің жағдайын көріп, полиция шақырды. Жедел уәкілдер қарияның ұлын ұстады. Жауап алу кезінде оның жүйке ауруына шалдыққаны айтылды. Ол өзінің кейбір мәселелерін шеше алмайтынын және осыған байланысты анасына қол жұмсағанын түсіндірді", - делінген жазбада.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомствода 78 жастағы қала тұрғынына дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.
"Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат жария етілмейді",-деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!