Қарағандылықтар 1,2 млрд теңгеге салынған саябақты сынға алды

Қарағандылықтар 1,2 млрд теңгеге салынған саябақты  сынға алды
Фото: видеодан кадр

Қарағандылықтар құны 1,2 млрд теңге болатын жаңа "Алаш" саябағының жағдайын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, саябақтың ашылуы Республика күнінде болуы керек еді, алайда белгілі бір себептермен кейінге шегерілген.

Жолдарға шам жағылып, орындықтар мен түрлі ұлттық элементтер орнатылды. Бұл көпқабатты үйлер бой көтерген жаңа ауданда серуендеуге арналған жалғыз орын. Бірақ азаматтар саябақта түсірілген селфидің орнына сынған дүниелердің суретін жариялады.

Сын тек сапасыз безендіруге қатысты емес, балаларға арналған ойын алаңдарының жағдайы да көңіл қуантпайды. Қала тұрғындарының айтуынша, олар балалар үшін қауіпті. Ересектер балаларын өңделмеген ағаштардан жасалған алаңнан аулақ ұстауға тырысатынын айтады.

Тұрғындарды әсіресе жобаның құны таң қалдырды. Бұл саябақты салуға 1 млрд 200 млн теңге жұмсалған екен. Мердігер төлемнің 30 пайызға жуығын алып қойған. Бірақ шенеуніктер бюджет қаржысынан тағы да ақша бөлмек.

Жауапты мамандар саябақта алашордалықтарға арналған шағын архитектуралық пішіндер орнатуға уәде беріп отыр.

"Жақында қар жауып, күн суытады. Түрлі жарақат алмау үшін және жағымсыз реакция болмас үшін, біз бұл элементтерді әзірге алып тастаймыз, консервацияға жібереміз. Ал балалар алаңынлағы жағдай бойынша арнайы хабарлама жіберілді, бұл мәселе жақында реттелетін болады", - деп түсіндірді Қазыбек би ауданы әкімдігінің жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева