Қарағанды облысында оқушының орнына робот мектепке барып жүр, - деп хабарлайды nv.kz порталы. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Қимыл-тірек жүйесінде ақауы бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында "Аватар" роботының таныстырылымы өтті. Гуманоид оқушылардың виртуалды түрде сабақтарға қатысуына көмектесіп, олардың мұғалімдермен және сыныптастарымен сөйлесулеріне мүмкіндік береді. Оның қызметін мекеме тәрбиленушілерінің бірі қолдана бастады.
"Мен білім алғанды жақсы көрем, енді ол тіпті оңай. Қоңырауда өзге оқушылармен сөйлесіп, мектептің ішін аралай аламын. Монитордан барлығы көрініп тұрады және менің дауысым барлығына естіледі", - дейді Руслан Жалаев.
Ұл бала жеті жылдан бері сабақты үйінен оқып жүр, дегенмен үйден білім алу оның республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуына кедергі болмаған. Роботты басқару Руслан үшін қиындық тудырмады, себебі ол информатикаға әрдайым қызығады. Енді ол сыныптастарымен сөйлесіп қана қоймай, мектептегі шараларға да "қатыса" алады.
Айта кетейік, "Аватар" роботы екі бастырма арқылы басқарылады. Оның камерасы, микрофоны бар, олар арқылы дыбыс пен бейне оқушының компьютеріне келіп түседі. Ал үлкен экранның көмегімен мұғалімдер мен оқушылар Русланды көре алады. Роботтың дөңгелегі бар, сондықтан аса биік емес жерлерден оңай өтіп кете алады. Ең бастысы "Аватар" жүрген бөлмеде сымсыз Интернет болуы керек.
Роботтың құны 2 миллион теңгеден асады. Егер бұл жоба сәтті деп танылса, облыстық білім басқармасы тағы біреуін алуды жоспарлап отыр.