- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандылық оқушы сабаққа...
Қарағандылық оқушы сабаққа бармау үшін күтпеген әрекет жасаған
Қарағандылық оқушы сабаққа бармау үшін бомба туралы жалған хабарлама таратқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде болған. Жарылғыш құрылғылар орнатылғаны туралы екі рет жалған ақпарат берген кәмелетке толмаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл оқиғалар 2 және 3 қыркүйекте болған. Өзін қала мектептерінің бірінің оқушысы ретінде таныстырған белгісіз адам төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарласып, оқу орнындағы "жарылғыш зат" туралы айтқан.
Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының "жалған терроризмге" қатысы бар екенін анықтады.
Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмей, осындай қадамға барған. Оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Еске салайық, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша - Терроризм актiсi туралы көпе-көрiнеу жалған хабарлағандарға 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина