Қарағандыдағы циркте акробат биіктен құлап кетті

Қарағандыдағы циркте акробат биіктен құлап кетті
Фото: Видео кадры

Қарағанды циркінде қойылым кезінде акробат биіктен құлап кетті. Оқиға қойылымның алғашқы бөлімінде, өнерпаз күрделі қимыл көрсетіп жатқанда болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, акробат сақтандыру арқанынсыз өнер көрсеткен. Бір сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, биіктен құлап кеткен. Оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.

"Біз жаңа ғана цирктен шықтық. Өте қорқынышты болды. Жігіттің үстінде тұрған қыздың аяғы тайып кеткен сияқты. Қызды сақтандыру арқаны тартып қалды, ал жігіт төменге құлап кетті. Өте өкінішті. Аман болса екен", – деп жазды көрермендердің бірі әлеуметтік желіде.

Циркке немерелерімен бірге барған тағы бір көрермен де өнерпаздардың сақтандыру арқанынсыз өнер көрсеткенін байқағанын айтқан.

Оқиғадан кейін акробатқа дәрігерлер шақырылған. Цирк әкімшілігі оның жағдайы жақсы екенін хабарлады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от NEWS Karaganda-Ulytau (@newskor.krg)

"Дәрігерлер келіп, қойылымның алғашқы бөлімінде оқыс жағдайға тап болған әртісімізді тексерді. Оның жағдайы жақсы, аяқ-қолы аман. Жақын арада қайтадан өнер көрсете бастайды", – деді цирк өкілдері.

Цирк әкімшілігінің мәліметінше, бұл нөмірді Мәскеуде өткен халықаралық цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегерлері атанған тәжірибелі өнерпаздар орындаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget