Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа Қарағандыдағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегіне қатысты тергеу барысы туралы сұрақ қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір бес бала емделіп жатыр.
"Негізгі диагноздан - улы заттан улану - балалар сауықты. Бүгінде балалар оңалту бөлімінде жатыр, 21 күн ішінде сауықтыру шаралары қабылданады. Тергеу органдары, оның ішінде прокуратура себептерді анықтау үшін әлі де тергеу жүргізіп жатыр, тергеу әлі аяқталған жоқ", - деді Ғиният үкімет брифингінде.
Ол медициналық-әлеуметтік орталық қызметкерлері жұмысқа оралғанын еске салды.
"Олар жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар барлық балалар да бақылауда, оның ішінде медицина қызметкерлері де. Тергеу кезінде олар шақырылды, сондықтан біраз уақытқа жұмыстан шеттетілді, тергеу шаралары жүргізілді, қазір жұмыс істеп жатыр", - деп қорытындылады Ғиният.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бір бала қайтыс болғаны хабарланды. 28 тамызда тағы бір бала қайтыс болғаны белгілі болды.
Орталықта 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған.
Қазір бес бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр.
Айта кетейік, Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келген еді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді. Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлға анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді. Кейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кулуарда Қарағандыда балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірген еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!