Қарағанды полицейлері қалада ірі жол апатына себепкер болған Lexus жүргізушісін ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел басқару орталығының бақылау камераларынан көліктердің соқтығысқан сәті түсірілген жазбалар алынды. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
"Қарағандының Аманжолов көшесінде жол-көлік оқиғасын жасаған 55 жастағы жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жылдамдық режимін бұзған. Қылмыстық істі тергеу барысы Қарағанды облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы Азамат Ахметов.
Еске салайық, Қарағандыда алты көлік соқтығысқан еді. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!