Қарағандыдағы аулалардың бірінде жанжал туындап, салдарынан бір бала зардап шекті. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша 12 сәуірде Трудовая көшесіндегі №27 үйдің ауласында балалар арасында жанжал туындаған. Олардың бірі ата-анасына хабарласқан. Осыдан кейін жағдай ушыға түскен.
Оқиға орнына ересектер келген.
Видеода әйел балаға дөрекі сөйлеп жатқаны, ал жанындағы ер адам кенет оның мойнынан ұстап, итеріп жібергені көрінеді.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бұл видео әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталғанын хабарлады. Ресми арыз түспегеніне қарамастан, тәртіп сақшылары оқиғаға қатысушылар кім екенін анықтаған.
"Олар оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жанжалдың шығу себептерін анықтауға бағытталған жан-жақты тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша әрбір қатысушының іс-әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", - деді полиция.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!