Полиция мен банк қызметкері қарағандылық тұрғынның 3 миллион теңгесін интернет алаяқтардан сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
60 жастағы тұрғын алаяқтардың құрығына түсемін деп мүлдем ойламаған. Оған WhatsApp желісінде мекеме басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары қаржылық заңбұзушылықтардың алдын алу үшін қызметкерлердің есепшотын тексеріп жатыр деген хабарлама келген. Арада он бес минут өткен соң телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған.
"Менің есеп-шотым арқылы есірткі қылмысынан түскен ақша өтіп жатқанын айтты. Ол жеке сәйкестендіру нөмірімді ешкімге бермеуім керегін айтты. Осыдан кейін маған басқа бір адам қоңырау соғып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, менің атыма сегіз несие рәсімделгенін айтты. Сөйтіп ол маған басқа банктен несие алып, жиналған қарызды жабуға кеңес берді. Алайда бірінші және екінші рет қоңырау соққан адамдар менің жасап жатқан әрекетімді ешкімге айтпауға кеңес берді. Осыдан кейін олар телефон арқылы менің әрбір басқан қадамым бойынша нұсқау беріп отырды. Мен қаладағы банктердің біріне барып, 3 миллион теңге несие рәсімдеп, оны қолма қол ақшамен алып кеттім. Содан кейін олар басқа банкке барып, маған WhatsApp желісіне жіберілген есеп-шотқа алдында алған ақшаны жіберуді талап етті. Сол жерге барғанда банк операторының жіберілген есеп-шоттың шетелде тіркелгенін айтқаннан кейін менде күдік туды. Сол кезде маған банктің бөлім бастығы келіп болып жатқан жағдайды айтуын сұрады, мен барлық әрекетімді айтып бердім. Кейін ол полиция қызметкерлерін шақырды", - деді ол.
Банкке келген облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасына қарасты киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері оқиғаның жай-жапсарын зерделеген соң тұрғынның банктен алған несиесін және есеп-шоттарын қайтадан жапқызып, қала тұрғынын алаяқтардың арбауынан сақтап қалды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті қала тұрғындарынан банк немесе құқық қорғау органынан деп белгісіз адамдар қоңырау шалса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға хабарласуды сұрайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!