- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда шаурмадан уланып...
Қарағандыда шаурмадан уланып қайтыс болғандар туралы хабар тарады
Денсаулық сақтау министрлігі қарағандылық парақшалардың бірінде тараған, шаурма жеген адамдардың жаппай уланып, кейбірінің өлгені туралы айтылатын видеоға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Видеода дәрігер халатын киген ер адам 23 жастағы қыздың шаурма жеп қайтыс болғанын, тағы 14 адамның уланып, ауыр жағдайда ауруханаға түскенін айтады.
Видео Қарағандыдағы жаңалықтарды бөлісетін пабликтердің бірінде жарияланып, жұртшылықты аң-таң еткен. Қала тұрғындары бұл қайғылы оқиға Қарағандыда болды деп топшылаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бұрын дәмхананың бәрін СЭС тексеретін", "Мұндай жағдайдың болғаны өте өкінішті. Ешқандай бақылау жоқ", "Оларды жабатын уақыты келді, неге олар сауда жасауға рұқсат берді?" деп ашуланды пікір жазып жатқандар.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл факті Қарағандының өзінде де, облыс аумағында тіркелмегенін мәлімдеді.
"Шаурмадан кейін уланып, адамның қайтыс болып, 14 адамның ауруханаға жатқызылуы туралы жарияланымға қатысты бұл факті Қарағанды қаласы мен облыс аумағында тіркелмегенін хабарлаймыз. Тексерілмеген деректерді жарияламауыңызды сұраймыз. Жаппай улануға қатысты жағдай жауапты мемлекеттік органдардың бақылауында", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Кейінірек видеоны ресейлік дәрігер өзінің Instagram парақшасында жариялағаны анықталды. Видеоға қарағанда, оқиға Ресей Федерациясының Курск қаласында болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан