Қарағандыда өртеніп кеткен бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеуге ондаған миллион қаржы кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысы бойынша ТЖД баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекованың сөзінше, алдын ала болжам бойынша, өрт сіріңке, темекі немесе басқа жанғыш заттың салдарынан шыққан болуы мүмкін. Өрт туралы кеш хабарланғандықтан сөндіру қиынға соққан.
Шатыры өртенген пәтерлердің бірінің есі Мария Менкаилова әлі шок жағдайында. Пәтері зардап шеккен әйел көз жасын әрең ұстап тұр. Ол отбасымен үш бөлмелі пәтерді алу үшін 10 жыл ақша жинаған. Өрт болардан бір күн бұрын құжаттарды рәсімдеген. Үйге көшіп те үлгермеген.
Басылым мәліметінше, жалпы шатырдың 800 шаршы метрі өртеніп кеткен. Әкімдік тұрғын үй жеке меншік болғандықтан жөндеу жұмыстарын жүргізбейтінін айтқан. Әкімдіктегілер тек қоқысты жинап беретіндерін жеткізген. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындарға жөндеу жұмыстарына 40 миллион қажет болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар демеуші боламын деушілерге сеніп отыр.
Еске салайық, 21 мамырда Қарағандыда бес қабатты тұрғын үйде алапат өрт шыққан болатын. Майқұдықтағы 11 А шағын ауданындағы үйлердің бірінде өрт шықты. Өрт туралы ақпарат өрт сөндіру қызметіне сағат 14:59-да түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер көпқабатты үйдің шатыры жанып жатқанын анықтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!