Қарағанды хайуанаттар бағында Мия мен Батыр есімді амур жолбарыстарының екі төлі дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, кішкентай жолбарыстар 30 сәуірде туған. Алайда хайуанаттар бағының қызметкерлері оларды осы уақытқа дейін келушілерге көрсетпеген.
Мамандардың айтуынша, бұл – қалыпты тәжірибе. Жаңа туған жануарлар алдымен ортаға бейімделіп, анасының қасында әлденіп алуы керек.
Жолбарыс төлдерінің бірі – ұрғашы, екіншісі – еркек. Мия мен Батыр үшін бұл – екінші ұрпақ. Туған кезде олардың салмағы небәрі 450 және 530 грамм болған. Мысық тұқымдастардың өзге өкілдері сияқты, жолбарыс төлдері де жарық дүниеге көзін аша алмай, әлсіз күйде келеді.
Хайуанаттар бағы қызметкерлерінің айтуынша, төлдер шала туған. Сондықтан алғашқы апталарда олардың жағдайы ветеринарлар мен мамандардың жіті бақылауында болған.
Қазір кішкентай жолбарыстар едәуір өсіп, ширап қалған. Салмағы екі келіден асқан төлдер біртіндеп қоршаған ортаға үйреніп, белсенді бола бастаған.
"Тәбеті жақсы, өздері де, аналары да жақсы сезінеді. Бойы өсіп, салмағы артты, жүні де қалыңдай түсті", – дейді хайуанаттар бағының қызметкерлері.
Жолбарыс төлдері адамдарға үйрене бастаған. Қолға алуға, сипауға мүмкіндік береді. Дегенмен уақытының басым бөлігін әлі де анасының жанында өткізеді.
Амур жолбарысы – мысық тұқымдастар арасындағы ең сирек әрі ең ірі жыртқыштардың бірі. Бұл түр Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан хайуанаттар бағындағы әрбір төлдің дүниеге келуі сирек жануарлар популяциясын сақтау үшін маңызды оқиға саналады.
Жақын күндері келушілер хайуанаттар бағының жаңа тұрғындарын көре алады. Әзірге мамандар үшін бастысы – төлдердің тыныштығын сақтап, жаңа ортаға біртіндеп бейімделуіне жағдай жасау.
Бұған дейін Хабаровскіден Қазақстанға төрт амур жолбарысы әкелінгені хабарланған еді. Екі ересек еркек жолбарыс пен екі төл «Іле-Балқаш» резерваты аумағына жіберілді. Жануарларға олардың жағдайы мен қозғалысын бақылау үшін спутниктік қарғыбау тағылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!