Қарағандыда көршісі туралы жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды

Қарағандыда көршісі туралы жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

34 жастағы тұрғын көршісі өзі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанына шағымданған. Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы арызды тексеріп, тұрғындардан жауап алған.

Сауалнама барысында бірнеше көрші арызданушы туралы түрлі қауесет тарағанын айтқан. Олардың сөзінше, бұл ақпаратты 66 жастағы көрші әйел таратқан.

Полиция бөліміне жеткізілген әйел ақпарат таратқанын мойындаған.

"Іс сотта қаралып, әйел басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, жауапқа тартылды", - деді ІІМ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз