Қарағандыда қомақты ақша жатқан сейфтің ұрланған сәті видеоға түсіп қалды

Қарағандыда біреудің үйден сейфті ұрлап жатқан сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеода ер адам қараңғыда зәулім үйден ауыр сейфті алып шыққаны көрінеді. Кадрларға қарағанда, салмақты сейфті бірден алып кету оған оңай соқпаған: ол сейфті қардың үстімен өзіне қарай домалатып, анда-санда тоқтап отырған. Кейін сейфті қоқыс жәшіктерінің маңына жасырып, ұзақ уақыт сол маңайда жүріп, өзін біреу бақылап тұр ма, жоқ па - соны аңдыған.

Тек біраз уақыт өткен соң, таңертең ол сейфті өзімен бірге алып кетуге тәуекел еткен. Оның жүріс-тұрысы бірден бірнеше бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

Үй иелері ұрлықты бірнеше күн бұрын ғана, шетелде өткен ұзақ жаңа жылдық демалыстан оралғанда, білген. Ақша салынған сейфтің жоқ екенін көрген соң, олар полицияға жүгінген. Келтірілген шығын шамамен 10 миллион теңге болған.

Жәбірленушілер полицияға арызданғаннан кейін жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұрлыққа Түркістан облысынан Қарағандыға келген 30 жастағы ер адам қатысы бар.

Ведомствоның баспасөз қызметінің сөзінше, ұсталған ер адам жалдап тұрған пәтерден ұрланған сейф табылған.

"Сейф тәркіленіп, қылмыстық істің материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қарағандыда әлеуметтік желілерде тағы бір ұрлыққа қатысты видео тараған еді. Онда күндізгі уақытта ер адамның көшеде кетіп бара жатқан әйелдің қалтасынан әмиянын ұрлап алғаны көрінеді. Бұл жазба қолданушылар арасында кең резонанс тудырған. Полиция "қалталы ұры" күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!