- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда кәмелетке толмаған...
Қарағандыда кәмелетке толмаған алты бала өзінің танысын ұрып өлтіргені үшін сотталды
Қарағандыда кәмелетке толмаған алты бала өзінің танысын ұрып өлтіргені үшін сотталды. Сот кәмелетке толмаған алты қарағандылықты ер адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапты. Қылмыстық істі бұған дейін Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты қараған., - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотталушылар 2020 жылы қылмыс жасаған кезде 16 және 17 жаста болған. Тергеу мәліметінше, олар өзі танитын 32 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан. Кейін оның мәйіті қаладағы аудандардың бірінен табылды. Бұл іс бойынша сот тергеуі ұзаққа созылды.
Сотталушылардың туыстары ер адам олардың соққысынан мерт болмағанын айтқан. Туыстарының сөзінше, жігіттер өздері танитын қызды қорғағысы келген, ал ол марқұм болған ер адамды өзін "зорламақ болғанын" айтқан. Сотталушылардың туыстары сонымен бірге жастардың марқұммен жай ғана сөйлескенін, тарқасқан кезде оның тірі болғанын айтқан.
Осылайша, сотталғандар мен олардың қорғаушылары бірінші сатыдағы соттың үкімімен келіспей, оның күшін жоюды, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының іс-әрекеттерінде болмауына байланысты ақтауды не онша ауыр емес басқа бапқа қайта саралауды сұрады.
Бірінші сатыдағы сот кәмелетке толмағандарды айып тағылған бап бойынша кінәлі деп тапты. Олар 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Жуырда сотталғандардың қорғаушылары бірінші сатыдағы сот үкіміне шағым түсірген. Қарағанды облыстық сотының сот алқасы ювеналды соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
"Сотталғандардың кінәсі сот зерттеген дәлелдемелердің жиынтығымен, атап айтқанда, оқиға болған жерді қарау, айғақтарды оқиға орнында тексеру, беттестірулер, куәгерлердің, сарапшының айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, бейнежазбамен, сараптамалардың қорытындыларымен расталды.
Сот алқасы қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотталғандардың кінәсінің дәлелденгені және дұрыс сараланғандығы туралы сот қорытындыларымен келісті.
Сот сотталған адамға жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, олардың кәмелетке толмаған жасын, жеке басын ескере отырып, ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі санкциясы шегінде жаза тағайындады", - деп хабарлады Қарағанды сотының баспасөз қызметі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан