Қарағандыда жасөспірімдер зейнеткерді тонап, тепкінің астына алған

Қарағандыда жасөспірімдер зейнеткерді тонап, тепкінің астына алған
Фото: Видео кадры

Қарағандыда пәтерге баса‑көктеп кіріп, жалғызбасты қарияны оңбай соққыға жыққан 8 жасөспірім мен 33 жастағы ер адамға қатысты сот басталды. Қаскөйлер зейнеткерді тонап, тепкінің астына алғанын таспаға да түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқиға наурызда болған. Айыпталушылардың бірі зейнеткердің пәтерінің есігін "электрикпін" деп қаққан. Есікті ашқанда тоғызы баса-көктеп кіреді. Үйдің астан-кестеңін шығарып, 35 мың теңгесі мен екі ұялы телефонын қолды қылған. Ал қарияның өзін оңдырмай ұрып, бетіне түкіріпті. Осының бәрін шат-шадыман күйде таспаға түсірген. Кейін бұлардың екеуін белгісіз біреулер соққыға жығып, желіде кешірім де сұратқан.

Айыпталушылардың көбі - 9-сынып оқушылары, қалғаны - колледж студенттері. Араcында бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы ер адам бар. Сотта осы қаскөйлер қарияның алдында тағы бір адамды өз пәтерінде соққыға жыққаны белгілі болды.

"24 наурызда есігімді көршім Сергей Ковальчук қағып, телефон қуаттауышты сұрады. Есікті ашып, "қазір әкелемін" деп бұрыла бергенім сол еді, соққының астында қалдым, мазақ қылды. Телефонымды, сағатымды алды. Үйдің ішін түгел талқандады. Ұрып‑соққандарын телефонға түсіріп алды", - деді зейнеткер. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget