Қарағандыда есірткі саудасын жарнамалайтын парақшаларды жапсырумен айналысқан жасөспірімдер ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды қаласында Октябрь полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақты аралау кезінде тұрғын үйлердің бірінің есігіне жаңадан жапсырылған QR-коды бар парақшаны анықтады. Тексеру нәтижесінде сілтеменің есірткі саудасына қатысты Telegram-арнасына апаратыны белгілі болды.
Жедел әрекет ету нәтижесінде полицейлер 14 және 15 жастағы кәмелетке толмаған екі қызды ұстады. Ұсталғандардың қолында әлі жапсырылмаған 60-қа жуық парақша тәркіленді. Қыздардың айтуынша, олар бұл жұмысты хабарландыру арқылы тапқан. Әрбір жапсырылған парақша үшін оларға 70 теңге төленген. Мектепте бұған дейін мұндай іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні бойынша бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, қыздар бұл жарнаманың зиянсыз екеніне сендірілгенін айтты. Олар сілтеменің халық тұтынатын тауарлар сататын интернет-дүкенге апаратынын көрсеткен.
Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс аясында заңсыз материалдарды таратуды ұйымдастырған адамдарды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!