Өндірістік қуаты тәулігіне 80 тоннаға жететін жаңа кәсіпорын облыс орталығының тұрғындарын ғана емес, серіктес қалаларды да нан-тоқаш өнімдерімен толықтай қамтамасыз ететін болады.
«Даму» қорының қолдауымен салынып жатқан жаңа кәсіпорынның іргетасы биылғы жылдың сәуір айында қаланған болатын. Соған қарамастан, жұмыс қарқынды жүріп, бүгінгі күнде құрылысшылар ішкі әрлеу-өңдеу жұмыстарын аяқтауға жақындап, құрал-жабдықтарды орнатып жатыр. Жабдық демекші, оның барлығы Еуропаның ең үздік зауыттарынан жеткізіліпті. Бәрі бірдей шетелдікі деп айтуға тағы болмас, ғимаратты салуға кеткен құрылыс материалдарының түгелі өзімізде жасалған отандық өнімдер екен. Мұны бізге «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖСШ бас директоры Валентин Каракалюк айтып берді.
– Мен, – дейді В.Каракалюк, – қалада шығарылатын нан өнімдерінің түгелінің дәмін таттым. Дәл қазір бұлардың бәрінен де дәмді нан пісіреміз деп сеніммен айта аламын…
Жаңа зауытта қалыпты нан және батон шығаратын автоматты екі жүйе болмақ. Тағы екеуі бөлке нан мен тоқаш пісіруге арналады. Сонымен қатар, кондитер және қабаттама цехтары да салынуда. Зауыт басшыларының айтуынша, жаңа кәсіпорын конвейерінен шыққан өнімдердің бағасы басқа өндірушілердікінен жоғары болмайды. Ал сапа жағынан келгенде, мақсат – бәсекелестерді басып озу. Бұл игі істің жүзеге асырылуын зауыттағы арнайы зертхана қатаң түрде қадағалап отырады.
Нан зауыты іске қосылған кезде мұнда 400-ден астам адам еңбек ететін болады. Қазірдің өзінде сыннан сүрінбей өткен наубайханашылар жұмысқа алынып жатыр. Тілек білдіргендердің көптігіне қарағанда, кәсіпорынның жұмысшы кадрдан тарықпайтыны бесенеден белгілі. Жұмысқа қабылданған қызметкерлерді жаңа қондырғылардың тілін білуге тәжірибелі технологтар мен инженерлер оқытатын көрінеді.
Қызмет көрсету саласына келсек, қазіргі талаптың бірі – тұтынушы нанды буы бұрқыраған ыстық күйінде алғанды қалайды. Яғни, таң атар-атпастан пештен жаңа ғана шыққан нан дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондықтан да мұнда өндірістің дамуы өз алдына, өнімді жеткізу мен өткізуге де баса көңіл бөлінген. Бас директордың айтуынша, нан-тоқаш өнімдерінің сатылымда жоғары нәтижеге жетуіне логистиканың ықпалы зор болмақшы. Сондықтан зауыт жанынан жөнелтім аймағы салынып, жеке көлік цехы құрылған. Оның құрамы Қазақстанда жасап шығарылған 57 жаңа нан тасушы автомобильден тұрады. Бұдан бөлек, зауыттың өз меншігіндегі тұрақты дүкендер желісі де салынбақшы. Тек қана зауыт өнімдерін сататын бұл сауда нүктелерінің саны 47-ге жеткізіледі. Олардың әрқайсысының аумағы 30 шаршы метрді құрайтын болады деп жоспарланған.
Жаңа зауыттың отыз жылдан бері нан пісіру саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшысының пайымдауынша, адамдар ылғи да өздерінің ата-анасы жеген нан өнімдерін тұтынуға бейілді болып тұрады екен. Дегенмен, қазақстандық наубайханашылар қолданып жүрген ескі рецепттерді бірте-бірте жаңа технологиялармен алмастыру басым бағыттағы шаруалардың бірі болып отыр. Мысалы, зауыттағы ұн қапталмаған әдіс бойынша сақталмақ. Ұн сақтайтын қойманың қабырғасы тат баспайтын болаттан жасалған. Мұндай қоймалар бүкіл Еуропаның өзінде бірді-екілі жерде ғана кездеседі екен.
Нанның дәмді болып пісуі ұнына да байланысты. Жаңа зауытқа ұн жеткізушілер қазірдің өзінде белгілі. Олардың барлығы да жергілікті астық өндірушілер. Таңдаудың бұлайша түсуі де тегін емес. Неге десеңіз, Орталық Қазақстанда өсірілетін қатты бидай сұрыбы кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі наубайханашылар арасында жоғары сұранысқа ие екен.
Бабына жетпеген ашытқысыз нанның дәмі татып алғысыз болады. Сондықтан да жаңа кәсіпорын ашыту бөлімінің жұмысына ерекше мән бермекші. Бұл жерде Франциядан әкелінетін ашытқы дақылдары негізінде ашытылған сүт өнімдері ашытқысы пайдаланылатын қамыр сақталатын болады.
Жалпы, соңғы жылдары облыста нан және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға деген көзқарас ерекше. Мысалы, былтыр Балқаш қаласында да 140-қа таяу адамды жұмыспен қамтыған жаңа нан зауыты салынған болатын. Қысқа ғана уақыт ішінде бой көтерген, заманауи талаптарға сай бұл кәсіпорынның бүгінде 60-тан астам аса сапалы нан өнімдерін шығарып, жұрттың ыстық ықыласына бөлініп отырғаны белгілі.
Бәрін айт та, бірін айт, Арқа өңірі тұрғындарының ақ дастарқанынан бүгінгі талапқа сай технологиямен пісірілген, дәмі тіл үйіретін нан-тоқаш өнімдерінің үзілмейтіндігі қуантады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ
Дереккөз: egemen.kz