- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда жаңа гүлзарлардың...
Қарағандыда жаңа гүлзарлардың көркі тұрғындардың наразылығын тудырды
Қарағандылықтар жаңа гүлзарлардың қыстан кейінгі жай-күйіне наразы. Олар былтыр асығыс жасалған конструкциялардың сыйқы көңіл көншітпейтінін, қазір опырылып тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көктем басталған сәттен Нұркен Әбдіров пен Назарбаев даңғылындағы аллеялар бойына отырғызылған жаңа гүлзарлар халықтың назарына іліне бастады. Олар мұнда осымен бірнеше жыл бойы тұрғандай көрінеді. Тақтайшалар жерлерде құлап, жарықшақтар пайда болған орындар да кездеседі. Қала көркіне кері әсерін тигізген жұмыстардың кем-кетік тұстары жетерлік. Тұрғындардың көпшілігі жаңа күйдегі жиектастардың кімге кедергі болғанын түсіне алмай әлек.
"Бұрын тамаша күйде болған жиектастардың орнынан неге алып тасталғанын түсінбеймін. Осы жұмыстарға бөлінген ақшаны орынсыз пайдаланған секілді. Бұл мәселені жай қалдыруға болмайды", - дейді қала тұрғыны Бибігүл.
Тапсырыс берушілер де, оны орындаушылар да гүлзарларға қатысты жағдайға пікір білдірмеді. Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы өкілдері бұл мәселеде үн-түнсіз қалмады. Олардың жауапкершілігіне биыл шаруашылықтың бір бөлігі берілгені анықталды.
"Шындығына келгенде, біздің бұл іске еш қатысымыз жоқ. Қазір бұл алаңдарға күтіп қарау жұмыстары бізге жүктелді. Сынның болуы орынды деп санаймын. Өз тарапымыздан барлық қажет шараларды қабылдап, ретке келтіреміз", - дейді Қарағанды қаласының Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы басшысының орынбасары Роман Калачёв.
Осылайша, гүлзарларға орнатылған шамдар алып тасталатын болды. Ведомство өкілдері айтуынша, гүлзардың астына тартылған электр сымдары тұйықтала бастаған. Ал тұрғындар бұл мәселені бұрыннан байқап, айтып келген. Мұнда қазір ескі топырақ қазылып, жаңасы әкелінеді. Сондай-ақ, ескі қираған жиектастардың орнына басқалары орнатылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова