Қарағанды полициясы инкассаторларға шабуыл жасаған төртінші күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2020 жылдың мамыр айының соңында, пандемия уақытында Қарағанды қаласында болған шулы оқиға әлі де ел есінде. Облыс орталығында белгісіз біреулер алдын ала жасалған жоспар бойынша инкассаторлар мінген автокөлікке әдейі жол-көлік оқиғасын жасап, жол апатына түскен автокөліктен 70 миллион теңге ақша және қаруларын алып, оқиға орнынан іздерін жасырған болатын.
Сол кезде криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында үш күдікті ұсталып, олардан 30 миллион теңге ақша тәркіленді. Ал төртінші күдікті қашып кеткен. Тергеу әрекеттері және сот отырысы барысында ұсталғандардың әрқайсысы өздерін ақтауға тырысып, барлық кінәні қашып кеткен күдіктіге жаппақ болды.
Тергеу әрекеттері мен соттың отырысы нәтижесінде ұсталған күдіктілер 10 жылдан 11,3 жылға дейін сотталды. Полиция қызметкерлері қашып кеткен төртінші күдіктіні іздеуді үздіксіз жүргізді. Нәтижесінде Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Алматы облысынан халықаралық іздеуде жүрген 38 жастағы оңтүстік өңірдің тұрғынын ұстады. Енді күдікті 2020 жылдың мамыр айында жасаған қылмысы бойынша жауап беретін болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!