- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда халық күткен...
Қарағандыда халық күткен алаңқайдың орнына көпқабатты құрылыс салынатыны белгілі болған
Қарағандыдағы "Таугүл" шағынауданының тұрғындары жақында аудан аумағынан көпқабатты үй құрылысын байқаған. Бір қызығы құзырлы органдар алғашында тұрғындарға бұл жерде демалыс пен серуендеу алаңы болатынына сендірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Таугүл" шағынауданында күтпеген жерден жанжал туындаған. "Балаларға арналған ойын алаңдары мен демалыс орындықтарынан тұратын абаттандырылған алаңды көреміз" деген тұрғындар оның орнына бітелген қадалар мен аумақтағы құрылыс жұмыстарын байқап отыр. Олар мұнда үш қабатты тұрғын үйлер бой көтеретінін естіген екен. Халық жиналып, бұл сұрақты көтере бастағанда қазықтар алып тасталып, әкімдік өкілдері мен депутаттар тұрғындармен кездесуге келген.
"Осы үйді салса, онда айналамызда су басады. Барлық қар суы осында ағады. Сұрайтынымыз - бұрынғы жоспар бойынша қалдырып, балалар алаңқайын салып берсін", - дейді "Таугүл-1" шағын ауданының тұрғыны Қуат Таханов.
Құрылыс бөлімі өкілдері бұл жерде алаңқай ешқашан жоспарланбағанын айтады. Жер жеке меншікте болғандықтан, жоспарлау жобасына сәйкес мұнда кем дегенде бес үш қабатты үй салынатыны белгілі болды.
"Мұнда үш қабатты тұрғын үйлер салынады. Осындай жоспарлау шешімі таңдалды. Құрылыс салушы келіп, адамдарға өз жобасын ұсынады", - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәурен Шәкенов.
Мердігер кездесуге қатыспағандықтан, осы округ депутаты ресми сұраныс хатын жолдайды.
"Бұл алаңқай қалай жеке меншік иелікке өткені туралы жауап алу үшін біз уәкілетті органдарға сұраныс хатын жібереміз. Шағынаудан өте үлкен болғандықтан, адамдарға арналған алаңқай болуын талап етеміз", - дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Айткен Ахметбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz