Қарағандыда "Жеңіс" пен "Астана" командалары арасындағы футболдан кейін жанкүйерлер арасында жанжал шықты. Төбелес видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде екі команда жанкүйерлері арасындағы жанжалдың видеосы пайда болды. Жазбада бір топ ер адамның бір-бірімен сөз таластырып жатқаны көрсетілген. Видеода атыс дыбысы да естіледі. "Жеңіс" пен "Астананың" жанкүйерлері Қарағандыда атыс шығарды делінген видео сипаттамасында.
Назар аударыңыз! Видеода балағат сөздер айтылған.
Жанжал туралы ақпаратқа Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, жанкүйерлер арасындағы жанжалды шешпек болған күзет компаниясының қызметкері аспанға оқ атқан. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
"Жеңіс" және "Астана" жанкүйерлері Қарағандыда атыс шығарды" делінген бейне әлеуметтік желілердің мониторингі барысында анықталды. Футбол матчі аяқталғаннан кейін екі команданың жанкүйерлерін автобусқа отырғызу кезінде олардың арасында жанжал туындаған. Бұзақылық әрекеттердің жолын кесу үшін күзет агенттігінің қызметкері тапаншадан ауаға ескерту ретінде оқ атқан. Зардап шеккендер жоқ. Жағдай жедел реттеліп, қоғамдық тәртіпті одан әрі бұзуға жол берілмеді", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!