Қарағандыда ферроқорытпа зауытында апат болды: 8 жұмысшы ауыр хәлде ауруханаға түсті
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған төтенше жағдайға қатысты жаңа мәлімет белгілі болды. Зауытта пештен жалын атқылап, салдарынан жұмысшылар зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағандыда ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауыр хәлде ауруханаға түсті. Басым көпшілігінің жағдайы тым ауыр. Қазір зауытта жұмыс уақытша тоқтатылды.
Апат кеше таңғы 04:00-дің шамасында осы ферроқорытпа зауытында болды. Пештен жалын атқылаған сәтте жұмысшылар қашып үлгермеген. Сегіз адам түрлі дене жарақатын алған. Барлығы жедел ауруханаға жеткізілді
Қазіргі таңда 8 жұмыскердің алтауы аса ауыр хәлде жан сақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналары жандарын шүберекке түйіп, аурухананы айналшықтап жүр. Ал, дәрігерлердің айтуынша, тиісті көмектің барлығы көрсетілген, тіпті Астанадан білікті мамандар келген.
"Бүкіл науқасқа керек көмек барлығы жасалды. Зерттеудің бәрі, керек мамандардың бәрі қарап шықты. Астанадан ғылыми зерттеу институтынан бас травматолог келіп, науқастарды қарап, емдеу шараларына қажетті өзгерістер енгізді", - деді Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
Ал, жұмыс беруші YDD Corporation №1 пештен кенеттен жалын шыққанын айтып, әлеуметтік желіде жазбаша мәлімдеме жасады.
"2024 жылдың 20 шілдесінде таңғы сағат 04:10 YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алды.
Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмыскерлердің барлығы ауруханаға жеткізіліп, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Компания зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуде және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста", - делінген "YDD Corporation" баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еңбек инспекциясы да іске кірісті. Арнайы комиссия құрып, тексеруді бастап кетті. Зауытта жұмыс уақытша тоқтатылды. Оқиға назарымызда, тың ақпараттарды алдағы уақытта айтатын боламыз.
Еске салайық, бұған дейін Желіде ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің видеосы тараған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz