- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда ер адам...
Қарағандыда ер адам балаларының көзінше әйелін пышақтап өлтірді: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды
Қарағандыда мас күйінде әйелін пышақтап өлтірген 51 жастағы азамат сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды. Гүлмира Таймасованың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Қанды қырғынды көзімен көрген кәмелетке толмаған екі бала нағашыларының қолында. Марқұмның туыстары полицейлер де жазаға тартылсын деп талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өйткені отбасылық жанжалға шақыртумен келген тәртіп сақшылары әйел арыз жазса да, күдіктіні алып кетпеген көрінеді. Артынша ер адам әйелін пышақтап өлтірді. Ал Қарағанды облыстық полиция департаменті шақыртуға келген полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты.
Қара жамылған 80 жастағы кейуана екі жиенін қарап, қаралы үйде қалқайып қалды. 16 және 14 жастағы қыз бен ұл қанды қылмысты көзімен көрген. Үнемі отбасылық жанжалда таяқ жеп келген анасы осы жолы өліп кетті. Қансырап жатса да, балаларынан мұны ешкімге айтпауды сұраған екен.
"Әкелері шығып кеткен соң, балаларына "Әжелеріңе айтпаңдар, әжелеріңе айтпаңдар" депті. Содан есінен танған. Үнемі таяқ жейтінін де бізге айтпайтын. Жасырады екен. Кейін біліп, полиция шақыртып жүрдік. Бірақ олар келеді, кетеді. Сол қылмыстары үшін қамалған да емес", - дейді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова.
Қылмыс болатын күні кешкілік жанжал шыққанда ұлы полиция шақыраған. Тәртіп сақшылары арызды қабылдап, кетіп қалыпты. Осыдан кейін күдікті қолына пышақ алған. Марқұмның туыстары өзі ісіне салғырт қараған полицейлерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
"99-баптан бөлек, яғни қасақана адам өлтіру мүмкін тағы да ҚК 110-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкін болады деп ойлаймыз, яғни ол орысша айтқан кезде — "Истязание". Қылмыстық әрекет жасалғанға дейін полиция келіп, арызды алып, бірақ ешқандай іс әрекет қолданбаса, онда полция қызметкерлерінің өздерінің міндеттемелеріне салғырт қарау көрініс болып табылады деп ойлаймыз", - дейді адвокат Ибрагим Сәдуақасов.
Қарағанды облысы полиция департаменті бұл жағдай бойынша қызметтік тексерісті бастаған.
"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу әрекеттері менің жеке бақылауымда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне сондай-ақ олардың басшыларына қызметтік тергеу тағайындалды. Қорытындысы бойынша қатаң жауапкершілікке тартылады", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.
52 жастағы марқұм күдіктімен 10 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан екен. Кейін татуласып, бірге тұрып келген, бірақ соңғы айда бұрынғы күйеуі жұмыстан шығып қалып, үйде жүрген көрінеді. Жанжал осыдан кейін жиілепті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан