- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда ер адам...
Қарағандыда ер адам 12 жастағы мектеп оқушысын қағып өлтірді
Қарағандыда ер адам 12 жастағы мектеп оқушысын қағып өлтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рatriot Telegram-арнасының мәліметінше, Қарағандыда бүгін таңертең 12 жастағы бала қаза болды. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан. Жол талғамайтын көлік жүргізушісі жасөспірімді өткізбей, оны қағып кеткен.
Қазір оқиға орны болған учаске көлік қозғалысы үшін жабық.
Telegram-арна авторларының мәліметінше, жүргізуші - 50 жас шамасындағы ер адам. Жеке компанияда жұмыс істейді. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде баланы байқамағанын айтады.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі өкілдері Massaget.kz тілшісіне бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"6 ақпанда сағат 8:00 шамасында 51 жастағы Тойота автокөлігінің жүргізушісі Аманжолов көшесімен бағыт алып келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтетін жерден өтіп бара жатқан 12 жастағы оқушыны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші алған дене жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу әрекеттері басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушылардан аса сақ болуды, жүргізушілерден жылдамдықты шектен тыс асырмауды сұрайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек