- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда екі адамның...
Қарағандыда екі адамның өліміне себеп болған жол апатына кінәлі автобус жүргізушісі сотталды
Қарағандыда көпірдің үстінде қарсы бағытқа шығып, жол апатына себепкер болған автобус жүргізушісі 9 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Прокурор әуеліде оны 7 жылға соттауды сұраған. Алайда судьяның айтуынша, екі адам көз жұмып, 20-сы жарақат алған апатқа себеп болған жүргізушінің кінәні мойындамағаны жазаны ауырлатқан.
"Ол әдейі істемесе, рөлден секірмес еді. Ол әдейі істемесе, құлаққаппен сөйлеспес еді. Мен тура артында отырдым. Ол қалай сөйлескенін, қалай секіргенін бәрін көрдім. 10 ай ауруханадан шықпадық. Егер де ол қатты жүрмегенде, егер де ол телефонмен сөйлеспегенде бәрі басқаша болушы еді. Бүкіл жүргізушіге бұл сабақ болуы керек, - деді зардап шегуші Аягөз Санақбай.
Былтыр қарашаның 25-і күні таңғы сағат тоғызда 33 жастағы Айдын Оразов тізгіндеген автобус көпірдің үстінде қарсы бағытқа шыққан. Ол алдында келе жатқан екі автобустан озбақ болғанда, қарсы бағытта көпірге көтеріліп келе жатқан 41-бағыттағы автобусқа соқтығысқан. Соның салдарынан автобустың 66 жастағы жүргізушісі сол жерде опат болды.
Ал сотталушы тізгіндеген автобустағы зардап шеккен 19 жастағы студент қыз ауруханада көз жұмды. 20 шақты адам түрлі жарақат алып, кейбірі әлі емделіп жүр.
Жүргізушінің өзі де ауыр жараланып, емделген. Алайда ол сот процесінде кінәсін мойындамаған. Ол сот шешімі бойынша қатты зардап шеккен екі адамға 1 миллион теңгеден өтеуге тиіс. Қалғаны моральдық шығынды азаматтық сотта даулай алады. Сотталушының жағы үкіммен келіскен жоқ.
"Жылдамдықты асырғанын жоққа шығарды. Дөңгелектің желі шығып кетті деді. Көктайғақ болды деді. Кінәсін толық мойындаған жоқ. Аталаған бап 5 тен 10 жылға дейінгі жазаны қарастырады. Қылмысты жеңілдететін және ауырлататын жағдайларды зерттей келе, 9 жыл бас бостандығынан айыру шешімі шықты", - деді судья Айгүл Мырзабекова.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан