- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда "Британдық квартал"...
Қарағандыда "Британдық квартал" элиталық үйінің салымшылары шу шығарды
Қарағанды қаласында үй аламыз деп, ақшаларынан қағылған жүздеген отбасы дау көтерді. Элиталы үйден дәмеленген жандар құрылыс басталмастан бұрын миллиондаған қаржысын құйып, уәделенген күнді күткен. Алайда құрылыс тоқтап, тұрғындар үйсіз, ақшасыз қалды. Құрылыс компаниясы ақшаның тек 10 пайызын қайтарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұндай үй көп жандардың арманы еді. Сол армандары енді орындалар шақта, құрылыс тұралап қалған. 180 отбасы келісімшартты үзіп, ақшаларын қайтаруды талап етуде. Бірақ компания асығар емес. 2 ай бойы тек 200 мың теңгеден беріп келген.
"Компаниямен келісімшартты үздік. Енді олар салған ақшамызды толықтай қайтаруы керек. Бірақ әлі созбақтап отыр. Соңғы екі айда 200 мың теңгеден беріп, қалғанын кейін өтейміз дейді. Бір сөзбен айтқанда бізді мазақ қылып отыр" дейді, - салымшы Ақниет Абжатов
Құрылыс компаниясы "жағдай қиын, бірақ ақшаны қайтарып береміз" деп отыр. Жауапты өкілдер сотқа жүгінген жандардың кесірінен шоттар бұғатталып жатыр, іс аяғына жеткенше ақша қайтара алмаймыз дейді.
"Салымшылардың ақшаларын екінші кварталда қайтарамыз. Осындай жоспар құрып отырмыз. 280 адам ақша қайтаруын талап етті, 120 адамға қайтарылды" дейді, үй салушы компания өкілі Аманжол Райымқұлов
Құрылыс салушылардың айтуынша, қазір ақшаны нотариусқа жүгінген және атқарушы жазба алған үлескерлер ғана алады. Жалпы қарыз 200 миллион теңгеге жеткен. Ал қалған 385 үлескер құрылыстың аяқталуын күтуге дайын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы