Қарағандыда жасыл желек жайқалтуға бөлінген қыруар қаражат желге ұшты. 80 түп шырша үшін 5 миллион теңге алған мердігердің нәтижесіз жұмысы тұрғындардың ашу-ызасын туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Алғашында қала көркін ашады деп күткен аумақтың көрінісін көрген жұрт қапалы. 80 шыршаның қурап кеткені соншалық, кейбірі ортасынан сынып та қалған.
"Құлатып, сындырып кетеді. Күнара суарып отырамыз. Он-он бес күннің ішінде отырғызып тастау керек шығар", – деді қала тұрғыны Ернар Кенжебеков.
Бюджет қаражатынан тапсырыс берген Қарағанды қалалық әкімшілігі тал егетін мердігермен келісімшартты үзген. Ал ортаға екінші мердігер енген тұста шу шығып отыр. Шырша түптерін алғашында арнайы комиссия тексеріп, қабылдап алған.
"Заң бойынша мемлекеттік сатып алу шарты бар. Дайындап қою керек еді", – деді Мәдениет, демалыс саябақтары мен гүлзарлар басқармасының заңгері Ерқанат Бикенов.
Қоғам белсендісі, агрономның айтуынша, 5 метрлік шыршалар Қарағанды облысы топырағына тамыр жаймайды. Керісінше, қурап қалады. Ал жергілікті билік мұны ескермеген.
"Құжатты дұрыс толтырмаған. Солардан кеткен қателік болып тұр. Онда бойын 5 метрлік деп көрсетпеу керек. Қарағандының топырағына бейім ағашты анықтап, жазуы керек", – деді қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев.
Бес миллион теңгенің 80 шыршасы қурап, қаражат желге ұшып отыр. Ал мердігер ісін қалалық Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы басшысы сынға алып, тиісті құжатқа қол қоюдан бас тартқан. Енді екі тарап тек сот арқылы ғана бір ұйғарымға келмек.
"Шыршаны жеткізуші өкілдердің айтуынша, бұлар "техникалық мінездемесіне сай, ұзындығын дұрыс көрсетпедік, бізге бес метрлік емес, 3-4 метр аралығындағы шырша керек" деген", – деді мердігер компанияның өкілі Ажар Мейірамова.
Жасыл желектің қурап, сәні қашқалы бірнеше апта болды. Ал тараптарды сотта тек ақшаны өндіру немесе мердігер арызын қанағаттандыру мәселесі қызықтыратын сыңайлы. Сәйкесінше, қала көркін қашырған ағаштарды қалыпқа келтіруге құлықты ешкім жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!