Қарағандыда базар маңында ер адам үстіне бензин құйып, өзін өртемек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірдің Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, 26 наурызда Қарағанды қаласындағы "Горняк" базары маңында ер адам үстіне бензин құйып, өз-өзін өртемек болғаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына барлық жедел қызмет дереу жұмылдырылды. Алдын ала мәлімет бойынша 33 жастағы қала тұрғыны базар әкімшілігімен туындаған жанжал салдарынан өзіне тиесілі сауда контейнерлерін ала алмаған. Полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында, жүргізілген келіссөздер нәтижесінде ер адам бұл ниетінен бас тартты", - деп жазылған хабарламада.
Қазір ол әкімдік ғимаратында, тиісті мамандар онымен жұмыс істеп жатыр.
Қарағанды облысының Полиция департаменті азаматтарды кез келген даулы мәселелерді тек заң аясында шешуге шақырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова