- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағандыда балалардың жаппай...
Қарағандыда балалардың жаппай улануы: науқастардың жағдайы белгілі болды
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бұған дейін уланып ауруханаға түскен балалардың жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, 12 баланың алтауы ауыр халде ауруханада жатыр.
"Балалар жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың екеуі ауыр, тұрақсыз халде. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр", - деді Ғиният Үкімет отырысында.
Денсаулық сақтау министрінің аутуынша, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әлі шығарылмағандықтан, балалардың улану себептері әлі белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бір бала қайтыс болғаны хабарланды.
Орталықта 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған.
Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келген еді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді. Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлға анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек