Қарағандыда көлік кептелісін азайту үшін бағдаршамдардың жұмысын жасанды интеллект арқылы үйлестіруге арналған пилоттық жоба басталды. Сынақ 7-магистральдің Терешкова көшесінен Стартовый тұйық көшесіне дейінгі учаскесінде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Жүйе бейнебақылау камералары мен бағдаршамдардан түскен мәліметтерді біріктіреді. Камералар әр жолақтағы көліктерді санайды, ал нейрожелі қозғалыс ағынына қарай қиылыстар үшін тиімді жұмыс режимін ұсынады.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, кептелістің бір себебі – бағдаршамдардың өзара үйлеспеуі. Мәселен, Камская көшесіндегі қиылыс пен ХМК маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінің арасы небәрі 81 метр болғанымен, ондағы бағдаршамдар әртүрлі режимде жұмыс істейді. Соның салдарынан жүргізушілер қысқа аралықта екі рет тоқтайды.
Пилоттық учаскедегі алты бағдаршамның жұмысын сәйкестендіру арқылы қарбалас уақыттағы кідірісті шамамен 40 пайызға қысқарту көзделген. Есептеулер бойынша, таңертең солтүстік бағытта жүретін көліктердің орташа тоқтау саны үштен бірге дейін азаюы мүмкін. Ал Карл Маркс көшесінен шығатын жүргізушілер қиылыстан жасыл сигналды екі рет күтпей өтуге мүмкіндік алады.
Жаңа алгоритм жұмыс күндері 07:00–10:00 және 16:30–19:30 аралығында қолданылады. Өзге уақытта және демалыс күндері бағдаршамдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді.
«Біздің міндетіміз – тұрғындардың нақты мәселелерін шешу үшін цифрлық технологияларды пайдалану. Олардың нәтижесі компьютер экранында емес, адамдардың күнделікті өмірінде байқалуы тиіс», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазір жасанды интеллект ұсынған шешімдер жол үстінде тексеріліп жатыр. Нақты нәтиже пилоттық кезең аяқталғаннан кейін бағаланады.
Қарағандыда жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған. Оның тек оны қозғалыс ағынына бейімделетін режимде жұмыс істейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай