Қарағандыда әйелін пышақтап өлтірген ер адам 14 жылға сотталды

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін қасақана өлтірген ер адамға қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тағылған айып

Тергеу барысында Т. бұрынғы әйелін қасақана өлтірді деп айыпталды.

Сотта не анықталды?

25 сәуірде қарағандылық бұрынғы ерлі-зайыпты Т., мен Г.-ның арасында жанжал туындаған. Сол күні сағат 20.00 шамасында ер адам ас үй пышағын алып, мас күйінде әйелін қасақана үш рет пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Әйел адам алған жарақаттарынан профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көп салалы ауруханасында қайтыс болды.

Соттың қорытындысын растайтын дәлелдер:

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, заттай айғақтармен, сараптама қорытындылары және басқада іс материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымдары:

Прокурор ер адамды адам өлтіру бойынша кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап Т-ға осы баптың санкциясында қарастырылған ең төменгі жазаны тағайындауды сұрады.

Сот не себепті және қандай жаза тағайындады?

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінің санкциясыда 8 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Соттың үкімімен Т. адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылып, оған 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа мекемесінде белгіленді.

Сот сотталушының мас күйде қылмыс жасауын қылмыстық жауаптылық мен жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды. Іс бойынша жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар жоқ. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 млн теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!