Қарағандыда әлеуметтік қызметкерміз деп кейуананы тонап кеткендер видеоға түсіп қалды

Қарағандыда әлеуметтік қызметкерміз деп кейуананы тонап кеткендер видеоға түсіп қалды
Фото: Видео кадры

Қарағандыда 94 жастағы кейуананың үйіне әлеуметтік қызметкер болып кіріп, 1 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен екі әйел ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер жедел іздестіру іс-шаралары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде күдіктілерді анықтап, оларды қолға түсірді.

Оқиға маусымның аяғында болған. Полицияға жүгінген 94 жастағы қала тұрғынының айтуынша, пәтеріне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келген. Олар қарт әжейдің сеніміне кіріп, ескі үлгідегі ақшаларды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған қаражат қайда тұрғанын сұраған.

Еш күмәнданбаған кейуана жинаған ақшасының орнын көрсеткен. Бейтаныс әйелдер үйден шығып кеткен соң зейнеткер өзіне тиесілі 1 миллион теңге жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталды. Олар Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді полиция.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget