Қарағандыда 18 жастағы жасөспірім полицейлерден қашып, өз әрекетін желіде жариялаған

Қарағандыда 18 жастағы жасөспірім полицейлерден қашып, өз әрекетін желіде жариялаған
Фото: ІІМ

Қарағандыда полицейлерден қашқан сәтін әлеуметтік желіде жариялаған адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

18 жастағы тұрғын мотоциклмен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қашып, бұл әрекетін әлеуметтік желіде жариялаған.

Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім эндуро санатындағы көлікті тізгіндеген, ол қала көшелерінде жылдамдықты бірнеше рет арттырған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабын елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, өзгелердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

Ол өз әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ұсталған.

"Оған бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, Ішкі істер органдары қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамау, көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқару, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару деректері бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Ол уақытша ұстау камерасына қамалды. Жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды. Мотоцикл айыптұраққа қойылды", - деді полиция.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget