Қарағанды тұрғыны Нұрбек Оралбаев құрт өсіріп, тыңайтқыш өндіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Нұрбек Оралбаев осыдан бір жыл бұрын қайтарымсыз қаржы алып, үйінің маңайындағы 200 шаршы метр жерге калифорния шылаушынын еккен. Жақында ол 40 қап биогумусты бағбандарға сатты. Енді кәсібінің ауқымын кеңейтіп, тыңайтқыш өндіретін алқапты екі мың шаршы метрге ұлғайтпақшы.
"Бұл калифорниялық шылаушындар шіріген органикалық заттармен қоректеніп, оны биогумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдырады. Ал мұндай жерде өскен өнімнің сапасы жоғары, көлемі 20-30 процентке көбейеді", - дейді кәсіпкер.
Ол бақшасына көкөніс егіп, тыңайтқышын сынақтан өткізген. Келешекте биогумус көлемі көбейсе, үлкен шаруашылықтармен келісім жасауды да ойластырып отыр. Себебі кәсіптің бұл түрі еліміздің оңтүстік өңірлерінде жақсы дамығанымен орталықта әлі ақсап тұр.
"Қазақстанның 990 миллион гектар жері тозып кеткен. 30 миллион гектар жер мүлдем жарамсыз болып қалған. Қазір мынау селитра деген минералды тыңайытқыштар адам өміріне негізі зиян келтіреді. Ол - химиялық тыңайытқыш. Ал мынау - табиғи таза, Алланың берген тыңайтқышы, аналогы жоқ. Қазір халық түсінбей жатырда мұны. Бұл - негізі келешегі зор бизнес", - деді кәсіпкер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!