- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды тұрғыны жоқ...
Қарағанды тұрғыны жоқ пәтерлерді жалға беріп, талайды сан соқтырып келген
Алаяқтың арам пиғылына алдандық дегендердің дені қарттар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айтуынша, 27 жастағы жігіт екі апта бұрын ғана нәрестесі өмірге келгенін және жас сәбимен далада көк тиынсыз қалдым деп жыларман күйде келген.
Осылайша мүсәпір кейпіне еніп, пәтеріне паналатуды сұрайды. Әбден сенімге кірген соң, өзін пәтер қожайынымын деп, тіпті баспананың төмен бағада жалға берілетінін жарнама сайты арқылы жіберген. Иелігінде бірде-бір үйі жоқ бола тұра, дәл осылай тағы үш пәтер иесін сан соқтырыпты. Сөйтіп пәтер жалдаушының төлемін алдын ала есеп-шотқа аудартып отырған. Ол аздай, пәтер иесінің бағалы заттарын да қолды еткен.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Қарағандының 27 жастағы тұрғыны ұсталды, келтірілген айғақтарды растап, мойындады, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ, басқа да қолды еткен заттар да тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. Айыпталушы сот үкімін күтуде" дейді, Жаңа-Майқұдық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Жарас Бейсембаев
Алданып қалған тұрғын, қарттарды, көпбалалы отбасылар мен қиын жағдайға тап болған азаматтарды да айла-құрығына іліктірген. Айлакер, жалға алушыларды да бөтеннің пәтеріне кіргізудің жолын тапқан. Заңгерлер мұндай жағдайға тап болмас үшін хабарландырудағы пәтерлер қанша жерден көздің жауын алса да, төлемді алдын-ала аударуды талап етуге кеңес береді.
"Мұндай жағдайдың орын алуы бәлкім пәтерлердің тапшылығынан болуы мүмкін. Сондықтан ақшаны бірден аударып жіберуді сұрайды. Дегенмен жалдайын деп отырған пәтердің іс жүзінде бар-жоғын анықтап алу қажет. Ол үшін өзіңіз барып көз жеткізген дұрыс. Бастысы қожайын екенін растайтын құжатты да көруді талап ету керек. Өйткені тәуліктік де, ұзақ мерзімге де бір мезетте жалға бере салуды көздейтіндер бар. Нәтижесінде 5-10 адам бір уақытта келіп тұрады" дейді, адвокат Мейрамғали Мурзалипов
Мұндай заңсыз әрекеттер көп кездеседі деген адвокат пәтердің расыменде барына көз жеткізу керек дейді. Өйткені, хабарландыруда ғаламтордан алынған суреттер де кездеседі дейді. Әсіресе, пәтердің төмен бағада және фотосуретте үйдің жағдайы неғұрлым жақсы болса, өте мұқият болуға шақырады. Ең бастысы жалға берушінің құжаттары мен үй құжатындағы деректердің сәйкес келуіне де мән берген дұрыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы