Қарағанды полицейлері толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды

Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 ақпан күні Қарағанды полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Медет Төлегенов пен Берік Кеңесов қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша Жаңа-Майқұдық аумағында қызметке түскен.

Сағат түнгі 24:00 шамасында полиция қызметкерлеріне жедел басқару орталығынан сол аумақта орналасқан шағынаудандандағы көпқабатты үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Мекенжайға келген полиция қызметкерлері әйел адамды көрген. Азаматша жолдасымен ұрысып қалғаны, кейін татуыласып, бір-біріне ешқандай өкпе-назы жоқ екенін айтқан.

"Біз әріптесіміз екеуіміз сол мекенжайда тұрғанымызда бізге бір азамат келді. Ол әйелінің толғағы қысып жатқанын және оларды тез арада перзентханаға апаруын өтінді. Азаматшаның толғақ алдындағы су кетіп жатқанын, міне-міне босанатынын білдік. Жедел жәрдем шақырғанымызбен оның қай уақытта келетіні белгісіз болды. Сондықтанда біз азаматшаны қызметтік көліктің алдына, ал жолдасын артына отырғызып бірден перзентханаға бағыт алдық. Бірнеше жүз метр жүре бергенімізде азаматша көлікті тоқтатуын және толғақтың басталып кеткенін айтты", - дейді Медет Төлегенов.

Полиция қызметкерлері абдырап қалмай, бірден толғағы қысқан азаматшаға медициналық көмек көрсетті. Арада бірнеше минут уақыт өткенде азаматша аман-есен қызметтік көлікте өмірге сәби қызды әкелді.

Полиция қызметкерлері анамен баланы перзентханаға апарып, дәрігерлердің жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!