Қарағанды облысында полицейлер автожолдарда 18 жылжымалы тосқауыл қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блок-бекеттер қысқа соғым дайындау кезеңінде мал ұрлығы деректерінің жолын кесу үшін орнатылған. Полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру үшін ет пен мал таситын көліктерді тоқтатып, тексереді. Жылжымалы жол тосқауылдары арнайы бұйрыққа дейін жұмыс істейді.
"Жыл басынан бері облыста мал ұрлығының 25 дерегі тіркелді, оның 18-і ашылып үлгерді. Соңғы жағдайлардың бірі өткен аптада Бұқар жырау ауданында болған, онда полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындар арасынан "гольштейн" сиырын ұрлаған күдіктіні ұстаған. Жәбірленушіге келтірілген залал 1 миллион теңге. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметтің мәліметінше, мал ұрлау негізінен еркін жайылымнан болады, ал көптеген азамат малдың жоғалғанын бірден байқамайды.
"Полицияға жайылымнан малдың жоғалғаны туралы 17 өтініш түсті. Жедел іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері 106 жануарды тапты, оның ішінде 56 жылқы, 12 бас ірі қара және 38 ұсақ мал. Болашақта бұл материалдар қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", - деп толықтырды Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомствода автокөлік жүргізушілерін азаматтардың мүлкінің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз